Сенат Төрағасы ТМД ПА отырысына қатысты
Санкт-Петербургте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 60-пленарлық отырысы өтті.
Жиында аймақтық ынтымақтастық, парламентаралық байланыс және ортақ бастамалар талқыланды. Қазақстан делегациясын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастап барды.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының отырысы дәстүрлі түрде Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында өтті. Жиында сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Парламентінің 30 жылдығы елдегі жаңа даму кезеңімен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан азаматтары жаңа Конституцияны қолдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси реформаларға сенім білдірді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты - билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, Парламент пен саяси партиялардың ролін күшейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Пленарлық отырыс барысында қатысушы елдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң қабылдады. Бұл бастаманы бұған дейін Қазақстан ұсынған болатын. Ассамблея аясында Мәулен Әшімбаев Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан және Тәжікстан парламент делегацияларының жетекшілерімен екі жақты кездесулер өткізді.
Марлен Маматалиев, Қырғыз Республикасы Жоғары Кеңесінің төрағасы:
- Қазақстан мен Қырғызстан арасында саяси әрі экономикалық байланыс тұрақты дамып келеді. Мемлекет басшылары деңгейіндегі қарым-қатынас та жүйелі түрде жалғасуда. Қазақстан біз үшін жақын дос, сенімді одақтас әрі бауырлас ел. Сондай-ақ Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша өткен республикалық референдумның сәтті өтуімен құттықтаймын. Оның нәтижесі қоғамның елді жаңғырту саясатын қолдайтынын көрсетті.
Қазақстан Парламентінің мерейтойы аясында Таврия сарайында тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Жиын барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға атсалысқан сенаторлар ТМД Парламентаралық Ассамблеясының наградасымен марапатталды.
Динара Қуандыққызы, Наргиз Рахымжан