Токиода Қазақстан мен Жапония парламентшілерінің кездесуі өтті

Сенатор Бибігүл Жексенбай мен мәжіліс депутаты Нұргүл Тау жапондық әріптестері Канаэ Ямамото және Таро Хондамен келіссөздер жүргізді. 

Жапон депутаттарына Қазақстандағы жаңа Конституцияның мақсаттары мен міндеттері туралы ақпарат берілді.  Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық жайы да сөз болды. Бибігүл Жексенбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың желтоқсан айында Жапонияға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарға  серпін бергенін, оның қорытындысы бойынша құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам құжатқа қол қойылғанын атап өтті. Сенатор Қазақстанның жасанды интеллект, цифрландыру, жасыл экономика, энергетика, көлік-логистикалық инфрақұрылым және сирек кездесетін металдарды өндіру салаларына жапондық технологиялар мен инвестицияларды тартуға мүдделі екенін жеткізді. Өз кезегінде жапондық депутаттар өз елінің Қазақстан мұнайына мұқтаж екенін атап өтті.

Таро Хонда, Жапония Парламентінің депутаты:

- Қазіргі уақытта Ирандағы Ормуз бұғазына қатысты мәселеге байланысты айтарым, бұған дейін шикі мұнай бойынша 90% Таяу Шығысқа тәуелді болып келген -  Жапония импорт көздерін әртараптандыруды қолға алып жатыр. Осындай жағдайда біз Қазақстанға да шағын өтініш білдірдік. Қазақстандағы біздің INPEX компаниясымен байланысқа шықтық, олар да Жапонияға мұнай жеткізіп жатыр, осы үшін шынайы  алғысымды білдіргім келеді.

Канаэ Ямамото, Жапония Парламентінің депутаты:

- Қазақстанның бай табиғи ресурстары мен Жапонияның әлеуетін біріктіріп, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетсек деймін. Жапония шикі мұнайдың 90%-ын Таяу Шығыс елдерінен тасымалдайды. Сондықтан Қазақстанмен ынтымақтаса жұмыс істеу арқылы осы тәуелділіктен аздап болса да шыға алсақ, өте жақсы болар еді. Осы бағытта қолдауларыңызды сұраймыз.

Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы парламентаралық байланыстардың маңызына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, парламент комитеттері, жастар және әйелдер парламенттік ұйымдары арасындағы байланыстарды кеңейту, сондай-ақ заң шығару қызметіндегі тәжірибе алмасуды жандандыру жайы талқыланды. Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, парламентаралық диалогты дамытуға және өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.