Астанада Әділет» партиясының II съезі басталып, өзекті мәселелер талқылануда

Фото: Әділет партиясы

Астанада «Əділет» партиясының II Съезі өз жұмысын бастады. Съезд жұмысына партия делегаттары, қоғамдық жəне кəсіби бірлестіктердің өкілдері қатысуда, деп хабарлайды 24KZ.

Іс-шараға құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, телекоммуникация, туризм, кəсіпкерлік, энергетика, цифрлық технологиялар жəне мұнай-сервис саласын ұсынатын ірі салалық бірлестіктердің, кəсіби қауымдастықтардың жəне сарапшылық ұйымдардың жетекшілері қатысуда. Олар партия қатарына өтіп, бүгінде оның ұйымдық əлеуетін нығайтуға жəне бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысуда. Соның ішінде «PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы, Қазақстанның Азаматтық альянсы, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар одағы, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы, Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығы, Қазақстан автомобиль одағы жəне басқа да ұйымдар бар.

Съезд жұмысына «AMANAT» партиясының өкілдері де қатысуда. Аталған партияның «Əділет» партиясына қосылуы мəселесі съезд делегаттарының қарауына шығарылды. Сонымен қатар II Съездің күн тəртібіне партияның одан əрі дамуы, өңірлік филиалдарды құру жəне ұйымдық құрылымды нығайту мəселелері енгізілді. Съезд қарсаңында стратегиялық сессия ұйымдастырылып, делегаттар партияның алдағы кезеңдегі басым бағыттарын талқылады.

«Əділет» партиясы түрлі кəсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылды.

Партияның қалыптасуы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясынан кейін басталған саяси жаңғыру кезеңімен тұспа-тұс келді. 2026 жылғы 7 мамырда Астанада «Əділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, партияның ресми қызметі басталды.

Ал 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес Қазақстан Республикасы Əділет министрлігі «Əділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді. Партия еңбек адамдарының, мұнай-сервис жəне тау-кен металлургиясы саласы қызметкерлерінің, шахтерлердің, спорт, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, кəсіпкерлік, IT-сектор, құқық саласы жəне креативті индустрия өкілдерінің басын біріктіреді. Партия платформасының негізін əділеттілік, жауапкершілік, теңдік, отансүйгіштік жəне прогресс қағидаттары құрайды. Партия заң үстемдігін нығайтуды, тиімді мемлекеттік жəне қоғамдық институттарды дамытуды, өңірлерді қолдауды, адами капиталды жетілдіруді, цифрландыруды ілгерілетуді жəне бəсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруды қолдайды. 

«Əділет» партиясының II Съезі өз жұмысын жалғастыруда.