Энергетикадан ЖИ-ге дейін: Тоқаев Қазақстан мен ЕО серіктестігінің болашағы туралы
Еуропалық Одақпен байланыстың жаңа стратегиясы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельге сапары аясында Euronews басылымына мақаласын жариялап, Қазақстан мен кәрі құрлық арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басу жайын жазған. Президент атаған негізі бағыттар – экономика және инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, білім және ғылым мен Орта дәлізді дамыту мәселесі. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар үшін Еуропаға сапарды жеңілдетуі мүмкін виза мәселесіндегі оң өзгерістерді де атап өткен.
Бүгінде Еуроодақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Кәрі құрлықтық мыңдаған компаниялары елімізде сан түрлі салада табысты жұмыс келеді. Енді тараптар тек саудамен шектелмей,
бірлескен өндіріс пен технологиялық жобаларды дамытуы керек. Euronews басылымына жазған мақаласында Президент осылай дейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Брюссельге айқын мақсатпен және нық сеніммен оралдым. Бүгінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы әріптестік бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан бұл ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет.
Еуроодақпен әріптестіктің келесі кезеңі 3 негізгі стратегиялық бағытта өрбуі қажет. Біріншісі – тұрақтылықты бекіту. Содан соң Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланысты барлық сала бойынша кеңейту. Үшінші бағыт – қос тараптың да азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер жасау. Себебі қазір әлемде геосаяси жағдай күрделі. Бұрынғы алғышарттар енді жұмыс істемейді. Ал еліміз Еуразия құрлығының кіндігінде, яғни Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан. Арада көпір болған Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның байланыстырушы рөлі экономикалық әлеуетімен барған сайын күшейіп келеді. 2025 жылы еліміздің экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 306 миллиард АҚШ долларына жетті. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы бұл көрсеткіш 360 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан қуатты Қазақстан – Еуропа үшін Еуразияның қақ ортасындағы сенімді әрі мықты серіктес екенін білдіреді.
Президент мақаласында тоқталған ерекше бағыт – ол энергетика жайы болды. Қазіргі таңда Қазақстан Еуропалық Одаққа импортталатын мұнай мен одан шығатын өнімдерінің 13 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар табиғи уранның да 16 пайызын жеткізеді. Қазіргі алмағайып заманда еліміз өз алдына алған міндеттерін мінсіз орындап отыр. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев осындай әріптестік үлгісінде ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастықты да дамытуға шақырды. Президенттің айтуынша, Қазақстан әлемдегі ірі астық өндіруші әрі экспорттаушы елдердің бірі ретінде Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоса алады. Ал еуропалық технологиялар мен инвестициялар елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді және қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ретте әрине, қауіпсіз әрі тиімді маршруттарға да ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені Ұлы Жібек жолы сияқты бағыттар ежелден елдер мен өңірлерді байланыстыратын стратегиялық күретамыр қызметін атқарған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан біз Еуропа мен Азияны жалғайтын Орта дәлізді дамытып келеміз. Бұл бастама Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен табиғи түрде үйлеседі. Алайда өзара байланыс тек тауарларды шекара арқылы жылдам жеткізумен шектелмейді. Орта дәлізді Еуропа нарықтары мен экономикалық орталықтарын Орталық Азияның ресурстарымен, дамып келе жатқан өндірістік әлеуетімен және логистикалық мүмкіндіктерімен байланыстыратын жаңа жүйенің негізі ретінде қарастырған жөн.Тарихқа көз жүгіртсек, көне дәуірдегі каналдар, теңіз жолдары мен керуен бағыттары әрдайым жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, құндылық қалыптастырған. Шынайы өзара байланыс нарықтарды біріктіреді, инвестиция тартуға ықпал етеді, кәсіпкерлікті дамытады және халықтарды жақындастырады. Ең бастысы – географиялық артықшылықтарды нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдырады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жасанды интеллект, цифрландыру, білім мен ғылым салаларындағы байланысты тереңдету қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы әріптестік енді тек шикізат пен инвестиция алмасумен шектелмей, технология, инновация және бірлескен өндірістерге негізделген жаңа деңгейге көтерілуі тиіс.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының Еуропа елдеріне сапарын жеңілдетуге мүмкіндік беретін виза мәселесіндегі ілгерілеуге тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл студенттерге, ғалымдарға, кәсіпкерлер мен отбасыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Авторы: Риат Шони