Бельгия байланысты бекітуге бейіл
Эйрбас ұшақтары, жаңа мұнай өңдеу зауыты және Хорайзн Еуропа бағдарламасы. Бұл Бельгия төрінде талқыланып жатқан негізгі тақырыптар.
Президенттің Брюссельдегі кездесулері басталды. Алдымен Премьер-министр Барт де Вевермен жүздесіп, кейін Еуропа Одағы басшылығына жол тартты. Келіссөзде қандай мәселе қаралып жатыр?
Брюссель – Еуропаның саяси орталығы. Қалада үнемі мемлекеттер арасындағы мәміле мен жаһандық дипломатия қарбаласы қайнап жатады. Бүгін шенеуніктер шаһарындағы күн тәртібінің басты тақырыбы - Қазақстанмен серіктестікті дамыту.
Президент кестесі тығыз жұмыс күнін Премьер-министр Барт де Вевермен кездесуден бастады. Саясаткерлер сауда-экономикалық және инвестициялық байланысқа айрықша назар аударды.
Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған 10 жетекші инвестордың қатарына кіреді. Соңғы 20 жылдағы инвестицияның көлемі 15 миллиард долларға жеткен. Ал сауда айналымы былтыр 580 миллион доллардан асты. Елде Бельгия капиталының үлесі бар 110-нан астам компания жұмыс істейді. Көлем ауқымды.
Тартылған инвестиция – $15 млрд
Сауда айналымы – $580 млн
Елдегі Бельгия капиталының үлесі бар компания – 110-нан астам.
Десе де Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ықпалдастықтың әлеуеті бұдан да мол екенін жеткізді. Ал Барт де Вевер серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Тараптар сан салада бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Орайлы сәтті пайдаланып Мемлекет басшысы Бельгия Королі Филиппке және Королева Матильдаға ізгі сәлемін жолдады. Аталмыш тұлғалар биыл Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Олардың шетелге шығуы сирек құбылыс. Тек сенімді серіктестеріне ғана барады. Президент бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті. Содан кейін Барт де Веверді де Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Премьер-министр шақыруды ықыласпен қабыл алды.
Ал бұл Еуропаның қос көшбасшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевты ғимарат кіреберсінде қарсы алып, келіссөзге алып барады. Мұндай көріністі жаһандық саясат сирек көреді. Еуропаның екі басшысы бірге қарсы алып, құрмет көрсету Кәрі Құрлықтың достық пейілін көрсетсе керек. Сапар аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Оның арасында әуе қатынасын қамтитын келісімдер бар. Атап айтқанда, Эйр Астананың паркі 50 жаңа ұшақпен толығуы мүмкін. Эйрбас ұзақ қашықтыққа арналған A321LR (Long Range) әуе кемесін сатуға келісті. Бұл компания әлемдегі геополитикалық жағдайға байланысты кейінгі уақытта мұндай келісімді көп жасай бермейді. Әр қадамын аңдып басады. Әдетте маңызды шешімдерді жылдам қабылдауға асықпайтын Еуропа бұл жолы Қазақстан үшін сыңаржақ позициясынан бас тартып, бірден келісті. Шешім қабылдауға кәсіпорынның негізгі акционерлері саналатын Франция, Германия және Испания қатысты.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- 2031 жылдан бастап алғашқы 25 ұшақ келеді. Бұл келісім екі елдің арасында Қазақстан және ЕО арасында қазіргі қарым қатынасты нығайтады және тереңдетеді деп ойлаймыз.
Әуедегі байланыс мұнымен шектелмейді. Тараптардың әуе компаниялары бір бірінің кез келген әуежайына рейс жасай алады. Бұл Еуропамен барыс-келісті арттырып, жаңа бағыттар ашуы мүмкін. Оған қоса, майра Текнимот жасыл авиациялық жанармай салуды жоспарлап отыр. Айтпақшы, елде жаңа мұнай өңдеу зауыты салынуы мүмкін. Жылдың соңына дейін бұл жоба зерттеледі. Содан кейін нақты шешім шығарылады. Кәсіпорынды Текнип компаниясы қаржыландыруға ниетті. Тағы бір келісім Еуропалық инвестициялық банкпен жасалды деген жоспар бар. Бұл өзге қаржы институттарынан әлдеқайда бай құрылым.
Марек Мора, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті:
- Мен Қазақстандағы жолдарды қалпына келтіруге арналған 150 миллион еуро көлеміндегі несие келісіміне қол қойдым. Негізгі мақсат – жолдарды жаңарту, жөндеу және Қазақстан мен Еуропаның байланысын жақсарту. Қазақстанмен бұдан басқа да көптеген жобаларды қарастырып жатырмыз, бірақ олар әлі зерттеу кезеңінде. Сондықтан қосымша мәліметтерді жариялай алмаймын.
Енді адами капиталған назар салсақ. Еуропаның жетекші Генк университеті «Әлем АЙ» орталығында зерттеу орталығын ашуы мүмкін. Сонымен қатар 600 жылдық тарихы бар ең көне университеттің бірі Лювень Қазақстан Техникалық Университетімен сирек метальдарды зерттейтін институт ашуға дайын. Кейін оны шикізатты байыту орталығына дейін дамытқысы келеді. Десе де ғылым бағытындағы басты жаңалық - Horizon Europe бағдарламасы. Бұл ғылымға қаржы құятын әлемдегі ең ірі құрылым. Енді оның қатарына Қазақстан қосылуы мүмкін.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- 200 млрд еуролық келесі циклға бағдарлама, үлкен бюджет. Біздің ғылыми институттарымызға, ғалымдарымызға, жалпы институттарымызға керемет мүмкіндік. Қазірдің өзінде бірнеше университетіміз бағдарламаға қатысып жатыр. Біздің өңірімізден, бұрыңғы кеңес одағынан осы бағдарламаға қосылатын тұңғыш елдердің бірі боламыз. Ең бастысы ең мықты жетекші еуропалық орталықтармен тікелей жұмыс істеу.
Осылайша, Еуропалық кеңестің штаб-пәтерінде Қазақстан мен Еуроодақ байланысының жаңа дәуірі басталады. Кәрі құрлық өзара тиімді теңсеріктестік құруға дайын. Қазақстан да құр алақан емес. Аймақ бойынша ЕО-қа ең жақын мемлекет. Орталық Азия елдерімен жасалатын сауданың шамамен 80%-ы біздің елге тиесілі. Оған қоса Астана Кәрі құрлықтың энергетикалық сұранысының басым бөлігін жауып отыр.
Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков