Президент Парламент депутаттарына ризашылығын білдірді

Мемлекет басшысы барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін шынайы ризашылығын білдірді. Әсіресе Парламенттің қазіргі құрамын Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі ретінде ерекше атап өтті.

Өйткені Президенттің айтуынша, депутаттар ел дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде қызмет атқарды. Бұған кейінгі үш жылдың өзінде ғана 300-ден астам маңызды Заңның қабылдануы дәлел. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық Заңдар мен Кодекстер бар. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістердің жасалғаны да рас. Осы тұрғыдан алғанда Президент Парламент депутаттарын жүктелген міндетті абыроймен атқарып, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында қажырлы еңбек еткенін жеткізді.