Еуропарламент Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуін талқылады
Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жаңа Конституцияның күшіне енуі Еуропалық Парламентте талқыланды.
Пікірталасқа Қазақстанның дипломатиялық миссиясының өкілдері, Еуропалық парламент депутаттары және сарапшылар қатысты. Жиынға қатысушылар Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болып қала беретінін атап өтті. Мұны өзара сауда-саттық көрсеткіштері де растап отыр. Былтыр екі жақты тауар айналымы, 45 млрд АҚШ долларынан асты. Еуропалық Одақ өкілдерінің пікірінше, саяси жаңғыру үдерісін одан әрі ілгерілету жолында, Қазақстан үшін демократиялық басқару, құқық үстемдігі, ашықтық және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласуы сияқты мәселелер бойынша сындарлы әрі мазмұнды диалогты сақтау аса маңызды. Пікір алмасу барысында қол жеткізілген нәтижелерге де, алдағы уақытта еңсерілуі тиіс сын-қатерлерге де ерекше назар аударылды.