Мемлекет басшысы Таиланд Премьер-министрімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайдағы жұмыс сапары кезінде Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен кездесті.

Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан Таиландты Азиядағы маңызды серіктестердің бірі санайтынын айтты. Биылғы төрт айда өзара тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 76 пайызға өсіп, 110 миллион доллардан асты. Президент бұл көрсеткішті, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру арқылы, әлі де ұлғайтуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ тараптар туризм саласындағы ынтымақтастыққа назар аударды. Былтыр Таиландқа 150 мыңнан астам қазақстандық барған. Өз кезегінде Қазақстан да Таиланд саяхатшыларына, соның ішінде қысқы туризм бағытында тартымды мүмкіндіктер ұсына алады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.