Қазақстан-Қытай: ЖИ саласындағы серіктестік

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуы салтанатына қатысты.

Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналды. Оған сарапшылар мен бизнес өкілдері, инвесторлар және жасанды интелелкті саласының алпауыттары қатысты. Бүгін конференцияда қандай ұсыныстар қаралды? 

Көрменің аумағы 100 000 шаршы метр. Осынау алаңда 1100 компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Мұнда жасанды интеллект әзірлемелерінен бастап күнделікті өмірге еніп кеткен ақылды технологияның түр-түрі бар.

Қытай – озық технология саласымен алға озған алпауыт. Дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы қытай азаматтары. Елдің инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда. Бұл ретте Мемлекет басшысының Шанхайға сапары таптырмас мүмкіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 2029 жылы қазан айында елдеріңіз Қытай Халық Республикасының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеді. Сексен жыл – бір адамның тұтас ғұмыры, ал Қытай оның жартысын саяси және экономикалық дүрбелеңдердің зиянды салдарымен күресуге сарп етті. Небәрі 40 жыл ішінде қарқынды дамыған Қытай зор табысқа жетіп, кедейлікті толық еңсерді және сан салалы экономикасы бар, әсіресе, жоғары технологиялар бойынша көш бастаған әлемдік державаға айналды. Бұл – Қытай Коммунистік партиясы мен оның білікті де бірегей жетекшісі Төраға Си Цзиньпиннің еңбегі.

БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек бір нәрсе анық. Жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Бұл ретте Қазақстан технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие екені сөзсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды.

Мамандар алдағы уақытта жасанды интелелкт бағытына мол қаржы құйылады деп отыр. Бұл ретте еліміз инвесторларға қолайлы орта қалыптастырып, заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақтауда.

Фэн Шуай, Халықаралық стратегиялық және қауіпсіздік мәселелерін зерттеу институты директорының орынбасары:

- 2025 жылы екі ел арасындағы сауда-саттық 48,7 млрд АҚШ доларын құраса, 2026 жылы одан да арта түсті. Жыл соңына дейін 50 млрд АҚШ долларына жетеді деп үмітенніп отырмыз. Ненізгі ортақ мақсат - 100 млрд долларға жеткізу. Ол үшін энергетика, ауыл шаруашылығы, транспорт, технология салаларына күш салуымыз керек. Сондықтан Қазақстан мен Қытайдың цифрлы экономика, жасанды интеллект жөнінде бас қосуы үлкен жетістік.

Пан Давай, Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры, профессор:

- Қытай мен Қазақстанның достық қатынасы ерекше. Әсіресе соңғы жылдары тығыз ынтымақтастық артып келеді. Бізге жасанды интеллект саласында адам капиталына мән беруіміз қажет. Қазақстан - экономикасы озық ел. Сондықтан осы салаға нейрожеліні енгізе отырып, соны табысқа жетуге болады. Көмір, газ, мұнай салаларымен қатар саяси қызметте де жасанды интеллект өте қажет. Мұның алғышартын бірлесе қарастырғанымыз жөн.

Осы орайда Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік.

Енді Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылады. Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналмақ. Ұйымның алғашқы отырысы Астанада қаласында өтеді.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз