«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы тағайындалды
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының шешімімен Отыншиев Елжас Мұратұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа басшы Мәскеу физика-техникалық институтының «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратурасын тәмамдаған. Оның инвестициялар мен активтерді басқару саласында мол тәжірибесі бар.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеу қаласындағы кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің консультанты ретінде бастаған.
2009–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларында жұмыс істеді.
2021–2023 жылдары KIDF ұйымында басшылық қызметтер атқарып, инвестициялық портфельді басқару бағытына жетекшілік етті.
2023 жылы сәуірден бастап осы уақытқа дейін «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды.
2024 жылғы ақпаннан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.
2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.