Құрылтай сайлауына дайындық

Елордада алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қарқын алды.

Дауыс беру күні Астанада 520 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазір учаскелік комиссиялар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлаушылар тізімін нақтылап, дауыс беру процесіне дайындық жүргізіп жатыр. Азаматтар өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін қалай біледі? 

Құрылтай сайлауы күні елордада тұрақты тіркеуі бар дауыс берушілер үшін 403 учаске жұмыс істейді. Бұдан бөлек уақытша тұрған азаматтарға арналған 117 және жабық форматтағы 35 учаске ашылады. Ал шет елдердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жанынан 82 сайлау учаскесі ұйымдастырылмақ. Қазір аумақтық комиссиялар әкімдікпен бірлесіп дауыс берушілердің тізімін нақтылап жатыр. Әр азамат өзіне тиесілі учаскені eGov Mobile қосымшасы, Gov.kz порталы немесе елорда тұрғындары үшін арнайы іске қосылған sailau.astana.kz сайты арқылы анықтай алады. Ол үшін жеке сәйкестендіру номерін енгізген жеткілікті. 

Бейсенбай Жұмабеков, Астана қ. аумақтық сайлау комиссияның төрағасы:

- Екінші тамыз күні әкімдіктер электронды жүйеде, қағаз жүйеде жаңағы тізімдерді біздің мынау учаскелік комиссияларға тапсырады. Содан кейін біздің учаскелік комиссияларға әрбір сайлаушы келіп, өзінің списокта жаңағы тізімде бар ме кен, жоқ пе кен, соны білуіне мүмкіншілігі бар. Ол үшін Астана қаласында бүкіл бұқаралық ақпарат беттерінде азаматтарға мәлімет беріп жатырмыз. Қалай өзін табуға болады. Қандай адрес бойынша барып жаңағы тізімдерді реттеуде.

Жетінші тамыздан бастап әрбір тұрғын өзі тіркелген учаскеге барып, сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексере алады. Егер қандай да бір қателік анықталса, оны сол жерде түзетуге болады. Ал сайлау күні тұрақты тіркелген мекен-жайында болмайтын азаматтар арнайы уақытша орындарда таңдау жасай алады. Мұндай учаскелер ауруханаларда, тергеу изоляторларында, әскери бөлімдерде орналасады. Ол үшін азаматтар дауыс беру күніне кемінде 15 күн қалғанда тиісті өтініш беруі қажет.

Бейсенбай Жұмабеков, Астана қ. аумақтық сайлау комиссияның төрағасы:

- Тұрақты регистрацияда тұрған азаматтар осы нәрсеге жауапты қарап ертерек сол күні. Сайлау кезінде осы Астана қаласында бола ма екен, Астана қаласында болмайтын жағдайды болатын болса, ол кісілер әкімдікке барып, өтініш беріп, сол болатын жерге регистрацияға ауысуына мүмкіндік бар. Екінші тамыздан бастап, жаңағы учаскелік комиссияға тізімді бергеннен кейін сол жерге келіп, тізімнен шығару қуәлігін алуға мүмкіндік бар.  

Айта кетерлігі, ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысады. Қазір олардың сенімді өкілдеріне арнайы куәліктер табысталып жатыр. Сонымен қатар саяси дода барысын бақылайтын халықаралық байқаушылардың тізімі да артып келеді. Бүгінде олардың саны 86-ға жетті. Астанадағы 23 қоғамдық ұйым байқаушы ретінде қатысуға ниет білдіріп, аккредиттеу рәсімінен өтіп, тиісті куәліктерін алып жатыр.

Дариға Ташенова, Ғалымжан Абдылахат, Вячеслав Шурыгин