АҚШ-тағы аралық сайлау: кімнің бәсі жоғары?
Келер аптада америкалықтар Конгрестің жаңа құрамын анықтайды. Қазір республикашылдар мен демократтар арасындағы күрес күшейе түсті. Аралықсайлау Президент Трамптың әрі қарайғы ықпалын айқындап бермек.
Бүгінде Конгрестегі орындардың басым бөлігіне – биліктегі партия өкілдері, яғни республикашылдар ие. Дегенмен сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, алдағы сайлауда халықтың таңдауы демократтарға түсуі бек мүмкін. Сондықтан рейтингісі әбден құлдыраған Ақ үй басшысы сайлауалды науқанға қыруар қаржы жұмсап жатыр. Онысынан нәтиже бола ма?
АҚШ Конгресі екі палатадан тұрады. Төменгі Өкілдер палатасы және жоғарғысы – Сенат. Аралық сайлау биліктегі партияға халықтың қаншалықты сенім артатынын айқындайды. Қазір Өкілдер палатасында республикашылдар 219 орынға, демократтар 214 орынға ие. Төменгі палата толығымен жаңартылады. Ал Сенат құрамының шамамен үштен бірі ғана қайта сайланады. Ipsos сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес, тіркелген сайлаушылардың 47%-ы демократтарды, ал 35%-ы республикашылдарды қолдауға дайын екенін айтқан. Дональд Трамп демократтарды қолдауға ниет білдіріп отырған америкалықтарды Франциядағы жағдайдан сабақ алуға шақырды.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Демократтар билікке келсе, АҚШ-ты не күтіп тұрғанын Франциядағы тәртіпсіздіктерге қарап, түсіне беріңіздер. Радикалды демократтар біздің елімізде де дәл осыны қалайды. Бірақ Құрама Штаттарда мұндай жағдай ешқашан болмайды. Өйткені біз шекарамызды жаптық. Қазір бізде тарихымыздағы ең сенімді шекарамыз бар.
Трамп үшін дәл қазіргі басты қауіп – елдегі экономикалық тұрақсыздық. 24 қазанда Құрама Штаттарда жанармайдың орташа құны бір галлон үшін 4,29 долларға жетті. Былтыр баға 3,06 доллар еді. Ал қыркүйек айында ипотекалық несие мөлшерлемелері кейінгі екі жылға жуық уақытта алғаш рет 7%-дан асты. Бұл халықтың қалтасын қағып жатыр. Ал егде жастағы америкалықтар әлеуметтік сақтандыру бағдарламасының тұрақтылығына алаңдайды. Өйткені зейнетақы төлемдері мен асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақыларды төлейтін негізгі қордың жинақталған резервтері 2032 жылға қарай таусылуы мүмкін деген болжам бар.
Ларри Сабато, Вирджиния университеті Саясат орталығының директоры:
- Ең басты мәселе – өмір сүру құны. Халық азық-түліктің қымбаттауына наразы. Дональд Трамп екінші президенттік мерзімінің алғашқы күнінен бастап азық-түлік бағасын төмендетуге уәде берген еді. Алайда іс жүзінде баға төмендеудің орнына одан әрі өсті. Бензин мен дизель отынының бағасы да шарықтап кетті. Сондықтан көптеген америкалық Иранмен соғысты қате шешім деп санайды. Осы соғыстың өзі қоғамның наразылығын күшейтіп отыр. Америкалықтардың шамамен 70% оның ешқандай мәні болмағанын айтады.
Егер республикашылдар жеңілсе, Дональд Трампқа президенттік мерзімінің қалған екі жылында өз саяси бағдарламасын жүзеге асыру әлдеқайда қиын болмақ. Қазір Трампқа халық тарапынан сенім азайды. Қолдау рейтингі 31% дейін төмендеді. Бұл – оның екі президенттік мерзімі барысындағы ең төменгі көрсеткіш. Алайда Ақ үй басшысының саясатын қолдайтындар да жоқ емес.
БЛИЦ:
- Аралық сайлауда демократтар Конгрестегі бақылауды өздеріне алады деп үміттенемін.
- Менің ойымша, қазір жағдайымыз Джо Байден немесе өзге де демократ-президенттердің тұсындағы ахуалмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Иә, жанармай қымбаттады. Бірақ бұл мұнайдың сатылып жатқанына байланысты ғой. Ал адамдар мұны байқамайды.
Трамп сайлауалды науқанға 400 миллион доллардан астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Оның басым бөлігі қазірдің өзінде жарнамаға, үгіт-насихат баннерлеріне және сайлаушылармен кездесулерге жұмсалды. Республикашылдардың ірі демеушілерінің қатарында әлемдегі ең бай адам Илон Маск та бар. Ол сайлауалды науқанға 276 миллион доллар бөлген.
Майкл Франц, Боудойн колледжінің Мемлекеттік басқару және құқықтық зерттеулер профессоры:
- Қаражаттың басым бөлігі Огайо мен Техас сияқты ірі штаттардағы ауқымды науқандарға бағытталып жатыр. Қазір эфирлік теледидардағы саяси жарнаманың көлемі науқанның бастапқы кезеңімен салыстырғанда артқанын көріп отырмыз. Мұндағы мақсат – сайлауға үнемі қатысатын тұрғындарға өз ұстанымдары мен негізгі үндеуін барынша тиімді жеткізу. Ғаламтор мен стримингтік платформалардағы нақты аудиторияға бағытталған жарнама – ыңғайлы әрі қызық құрал. Алайда оның көмегімен сайлаушылардың белгілі бір бөлігін ғана қамтуға болады. Ал эфирлік теледидар әлдеқайда көп адамды қамтуға мүмкіндік береді.
Иә, әдетте Президенттің рейтингі төмендеген сайын, оның партиясы Конгрестегі орындарының бір бөлігінен айырылады. Дегенмен тарихқа көз жүгіртіп көрейік. 2022 жылы халықтың Джо Байденді қолдау деңгейі шамамен 43% төмендеген еді. Соған қарамастан, биліктегі демократтар Өкілдер палатасында не бары тоғыз орыннан ғана айырылып, Сенаттағы орнын, тіпті нығайтқан болатын. Ал 2018 жылы Трамптың рейтингі шамамен 40% болған кезде республикашылдар Өкілдер палатасындағы ықпалынан айырылды. Бірақ Сенаттағы орын санын арттырып, саяси басымдығын сақтап қалды.
Ларри Сабато, Вирджиния университеті Саясат орталығының директоры:
- Бастапқыда бұған ешкім сенбегенімен, Конгрестің екі палатасы да демократтардың бақылауына өтуі әбден мүмкін. Алайда бір мәселе бар. Әдетте Дональд Трамп Конституцияны, заңдарды және Конгрестің талаптарын елемейді. Соттар оны заң талаптарына бағынуға мәжбүрлей алуы мүмкін. Бірақ АҚШ-тың Жоғарғы сотында да республикашыл судьялар басым. Сондықтан Трамп Америка Республикасы құрылған кезден бері Президенттер ұстануға тиіс болған дәстүрлі конституциялық нормалар мен саяси шектеулерді сақтай ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Оның авторитарлық әрекеттері жазасыз қалуы да ғажап емес.
АҚШ-та саяси бағытты Президент белгілегенімен, мемлекеттік бюджетті бекіту Конгрестің құзыреті. Конгресс әкімшіліктің денсаулық сақтау, экономика және көші-қон реформасы сияқты маңызды салалардағы шешімдеріне елеулі ықпал ете алады. Сондықтан 3 қараша күні өтетін аралық сайлау нәтижелері Трамптың алдағы уақытта қандай саясат жүргізе алатынын айқындайды.