Үгіт-насихат науқанының кезекті күні өтті

Бүгінде Құрылтай сайлауына үгін-насихат жұмыстары қыза түсті. 7 партияның өкілдері еліміздің өңір-өңірін аралап, жұртшылықпен кездесу өтіп жатыр.

Олар қарапайым тұрғындармен қатар еңбек ұжымдарымен жолығып, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды. Сондай-ақ азаматтарды толғандырған мәселелерге де құлақ түрді.

«Әділет» партиясының өкілдері театр ұжымымен кездесті

«Әділет» партиясының өкілдері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұжымымен кездесті. Іс-шараға саяси ұйымның Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар Әсем Сартбаева мен Қарлығаш Жаманқұлова қатысты. Жиын барысында мәдениет саласын дамыту, шығармашылық қауымдастықты қолдау жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жиналғандар заманауи қалалық ортаны қалыптастырудағы өнердің рөлін сөз етті. Партияның сайлауалды бағдарламасы  таныстырылды. Өз кезегінде өнер иелері елдің мәдениет саласын ілгерілету бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Мағжан Қыстаубаев, «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы:

- Бүгін драма театрға жиналған себебіміз – театр мамандарымен қосылып, солардың мәселесін егжей-тегжейлі талқылап, өзіміздің тараптан партияның бағдарламасын түсіндіріп, үміткерлер Құрылтайға барғанда қандай өзгерістер жасайды, не жағынан көмектеседі, соның барлығын айтуға келдік.

«Respublica» өкілдері еңбек адамдарымен кездесті

«Respublica» партиясының өкілдері Павлодардағы Еуразиялық энергетикалық корпорацияның қызметкерлерімен кездесті.  Жиында салық саясаты, моноқалалардың дамуы, кадр тапшылығы, жалақы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Уақыт белдеуіндегі өзгерістер туралы да сөз болды. Сондай-ақ  «Қызылжар құс» фабрикасының жұмысшыларымен  жүздесіп,  кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысты. Еңбек ұжымына  партия бағдарламасының  басым бағыттары туралы баяндап берді. Ал «Respublica Jastary»  ұйымының өкілдерімен кездесуде  жастардың білім алып, жұмысқа орналасуы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жастардың түрлі жобасын қолдау мәселесі көтерілді

Маханбет Амангелді, «Respublica» партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы:

- Орта және шағын бизнес өкілдерінің құқықтары. Әрқайсымыз өзіміздің ұрпағымыздың, балаларымыздың және мемлекетіміздің бай, қуатты болғанын қалаймыз. Сол себепті осы бағытта даму үшін көп заңнамалық өзгерістер керек болады.

Қазақстан Халық партиясының кандидаттары тұрғындармен кездесті

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар көкшетаулық тұрғындармен кездесті. Жиында ерекше білімді қажет ететін балалардың мәселесі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өзекті қоғамдық мәселелерді және ұсынылған бастамаларды іске асыру тетіктерін талқылады. Кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Виктор Поднебесный, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балалар бойынша көп сұрақ қойылды. Яғни, олардың қолайлы білім алуларына, 18-ге толған соң не істей алады деген сауалдар көтерілді. Бұдан бөлек, интернет-алаяқтық мәселесі талқыға түсті. Әсіресе егде жастаға адамның цифрлық сауаттылығын көтеруге қатысты ұсыныстар айтылды.

«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында жалғасты. Партия төрағасы Дания Еспаева бастаған кандидаттар өңірдегі темірбетон бұйымдары мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Құрылтай сайлауының маңызы түсіндіріліп, партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылды. Жиын барысында өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін арттыру мәселелері көтерілді. Жұмысшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынып отыр.

Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Осы кәсіпорында 500-дей адам жұмыс істейді. Бұрыннан бері тарихы бар мекеме. Сондықтан бірінші кездесуімізді осы жерден бастадық. Әрине, ең бірінші халыққа түсіндіру, 23 тамыз сайлау өтеді, ол қандай сайлау, Құрылтай деген не, оны халық түсіну керек. Ал екінші міндет, Ақжол партиясының бағдарламасымен таныстыру. Сонымен қатар басшылардың, ұжымдағы адамдардың қандай мәселелері бар.

«Ауыл» партиясының өкілдері жұртшылықпен кездесті

«Ауыл» партиясының бастамасымен Алматыда «Ауылым-әнім» музыкалық акциясы өтті. Науқан аясында қаладағы 20 қоғамдық автобус пен метро станцияларында қазақтың халық әндері мен патриоттық әндер шырқалды. Бастама ұлттық мәдениетті насихаттап, қала тұрғындарының көңіл күйін көтеруге және қазақ ән өнерін кеңінен дәріптеуге бағытталған. Акция барысында партия өкілдері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар белсенділер жолаушыларға партияның үгіт-насихат материалдарын таратты. Ал Петропавл қаласында «Ауыл» партиясының өкілдері дәрігерлермен кездесті. Жиында Денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.

Қанат Асқаров, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Қандай жұмыстар істелінуі керек, алдымызға қойған мақсат, соның барлығын халыққа көрсетіп, айтып, түсіндіруіміз керек. Егер сұрақтары болса, жауап беруіміз қажет. Сондықтан бізде жоспар бар.

«Байтақ» партиясы экология мәселелерін талқылады

«Байтақ»  партиясы Алматы қаласындағы ұлттық аңшылар мен балықшылар палатасы, сондай-ақ №66 мектеп ұжымымен кездесті.  Жиында биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар табиғатты қорғау тұжырымдамаларын жүзеге асыру бойынша ой бөлісті. Мемлекеттік органдар мен қоғам арасында экологиялық түйткілдерді шешуде өзара ынтымақтастықты арттыру жайы сөз болды. Жиында сөз сөйлеген «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Алма Қараш биоалуандықты сақтау  экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың маңызды шарты екенін атап өтті.

Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Біз өзіміз көтеріп жүрген мәселелер төңірегінде шараға қатысушылармен пікір алысып, мәселелелерді шешу жолдарын талқыладық. Қоршаған ортаның таза болуы - ол құндылық баршамызға ортақ жауапкершілік. Оны бағалай білуіміз қажет.

ЖСДП кандидаттары еңбек ұжымдарымен кездесті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері Жезқазғандағы  қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы мекеменің ұжымымен кездесті. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, қызметкерлердің ұсыныс-пікірін тыңдады. Ал Өскеменге барған партия өкілдері көлік кәсіпорынының қызметкерлерімен жүздесті. Еңбек құқығы және медициналық сақтандыру мәселелерін ұжыммен бірге талқылады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақмола облысының Зеренді ауданына да ат басын бұрды. Онда медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиында медицина саласындағы түйткілді мәселелер туралы айтылып, шешу жолдары талқыланды.

Ілияс Жанғали, ЖСДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы:

- Бұл – кіші және орта буындағы медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру, резедентураға түсу және ауылдардағы медицина қызметкерлердің, яғни дәрігерлердің жетіспеушігі бойынша сұрақтар.