Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырып жатыр
Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр. Партия өкілдері өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
«Әділет» партиясының үгіт-насихат жұмыстары Ақмола облысында жалғасты
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақмола облысының еңбек ұжымдарымен және тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстар талқыланды. Республикалық сайлауалды штаб мүшелері спортшылармен де жүздесіп, партия бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кейін олар пластикалық бұйымдар өндіретін зауытқа барып, еңбек адамының мәртебесін арттыру, саланы дамыту және өнеркәсіпті цифрландыру мәселелерін жұмысшылармен бірге талқылады. Бурабай ауданында балаларды сауықтыру орталықтарын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту, лизинг тетіктерін дамыту және туризмді өркендету мәселелеріне назар аударылды.
Еркебұлан Ілиясов, «Әділет» партиясының мүшесі:
- Көбінесе тұрғындар талабынан әділетсіздік бойынша көптеген сұрақ қойылып жатыр. Ол дегеніміз субсидияны әділетсіз алу, кезекпен пәтер алу кезінде ашық емес, кезегіміз жылжып кетеді, кейде мүлдем жоқ болып кетеді дейді. Кәсіпкерлер жағынан бұл мемлекет жағынан бірыңғай цифрлық платформаға енгізу.
ЖСДП партиясының өкілдері тұрғындармен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері өңір тұрғындарымен сайлауалды кездесуін жалғастырып жатыр. Қарағанды қаласында партия мүшелері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерімен, сарапшылармен және қоғам белсенділерімен кездесті. Олармен бірге елдімекендерді абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы және қалалық ортаны дамыту мәселелерін талқылады.
Ал Павлодарда «Павлодар ата-аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен ашық диалог өтті. Жиын барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстар талқыланды.
Роза Жүсіпова, ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы:
- Бүгін біз ерекше балалардың ата-аналарымен кездесіп отырмыз. Өйткені олардың сұрақтары мен мәселелері бізге таныс. 18-ге толғаннан кейін бала аәрі қарай қайда оқуға түседі? Қалай жұмысқа тұрады? Сондай сұрақтар туындап жатады. Осы инклюзия жөнінен кездесу өткізіп жатырмыз.