Қазақстанда Су дипломатиясы департаменті пайда болды
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылымында Су дипломатиясы департаменті құрылды, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа бөлімшенің басты мақсаты — еліміздің су дипломатиясы саласындағы жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру және халықаралық деңгейде үйлестіру.
Департамент трансшекаралық су нысандарына қатысты мемлекетаралық комиссиялардағы Қазақстанның жұмысын үйлестіреді. Сондай-ақ серіктес елдермен жүргізілетін келіссөздерге қатысып, су саласындағы халықаралық келісімдерді әзірлеу және жүзеге асыру жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Су дипломатиясы департаментінің директоры қызметіне Шәріп Данияр Есенұлы тағайындалды.

Данияр Шәріп 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Гидрология» мамандығы бойынша, сондай-ақ Каспий қоғамдық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану және дамыту басқармасында бастаған. Әр жылдары сарапшы, бас сарапшы қызметтерін атқарған.
2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінде бас сарапшы қызметіне тағайындалды. Кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінде жұмыс істеп, басқарма басшысы лауазымына дейін көтерілді.
2023–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының бас инспекторы қызметін атқарды.
2024 жылдан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігінде халықаралық ынтымақтастық бағыты бойынша қызмет етті. Алдымен Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, кейін осы департаменттің директоры болды.