Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр
Құрылтай сайлауына түсетін партиялар қала мен ауыл-аудандарды аралауын жалғастыруда. Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлау-алды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жүр.
Партия өкілдері өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
«Әділет» партиясының өкілдері сайлаушылармен кездесті
Құрылтай сайлауы қарсаңында «Әділет» партиясының төрағасы бастаған кандидаттар Жамбыл облысында тұрғындармен кездесті. Басқосуға жастар, еңбек адамдары мен түрлі сала мамандары қатысты. Жиында зейнеткерлерді қолдау орталықтарын ашу, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау, жастарды жұмыспен қамту және денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Жалпы мобильді керуен ел бойынша 5 мың шақырымнан астам жол жүріп, 5 мыңға жуық ұсыныс-пікір жинаған.
Дихан Қамзабекұлы, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Ұсыныстардың көбісі жастардан түсіп жатады. Болашақ, жұмыс. Жұмысқа орналасу. Партияның да үлкен мақсатын білесіздер, 5 жылдың ішінде 1 млн жұмыс орнын ашу. Сонымен бірге халықтың демографиялық өсіміне байланысты балабақшада, мектептерде орын жетіспейді. Осыған байланысты ұсыныстар бар.
Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica партиясының өкілдері Шымкентте еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар темір есік жасайтын кәсіпорын мен аллюминий өнімдерін шығаратын зауытта болды. Партия белсенділері Түркістан облысындағы балмұздақ шығаратын фабрикаға да ат басын бұрды. Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту және қазақстандық бизнесті қолдау туралы сөз болды. Бұдан кейін Шымкенттегі «ReJastary» жастар қанатымен кездесу өтті. Басқосуға қатысушылар интелектуалдық ойын ойнап, өскелең ұрпақты толғандыратын мәселелерді ортаға салды. Кездесулер легі партия жақтастарының форумымен қорытындыланды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бір күнге созылған іс-шараларға мыңнан астам адам қатысты.
Қуаныш Шоңбай, Respublica партиясының тең төрағасы:
- Біздің ең бірінші мақсатымыз бұл кісілерге еңбек ету. Бұл жетістіктің нағыз дұрыс стратегиясы деген нәрсені біз бергіміз келеді. Өйткені еңбек етпесең білім, біліктілік болмайды дегендей, одан кейін жақсы жұмыс болмайды. Өйткені қазір жасанды интеллектің беретін пайдасы көп, бірақ бір үлкен кемшілігі - көп профессияны жоққа шығарады.
Қазақстан халық партиясы ҮЕҰ өкілдерімен кездесті
Жетісу облысында жүзден аса үкіметтік емес ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді. Азаматтық қоғамды дамытуға атсалысып жүрген жандармен Қазақстан халық партиясының өкілдері жүздесті. Жиын барысында мүгедектігі бар жандардың жүзеге асырған жобалары баяндалып, жоспарлары таныстырылды. Мәселен, өңірде ерекше күтімдегі адамдарға тегін инвотакси қызметі ұсынылады, арнайы ақпараттық портал да ашылған. Жеке кәсіп ашам деушілерге қолөнер бұйымдарын жасау жолдары үйретіледі. Ал егде жастағы жандар үшін белсенді өмір сүру орталығы қарастырылған. Басқосуда саланы дамыту мәселесі талқыланып, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға бірқатар ұсыныстар айтылды.
Олжас Бекдәулетұлы, ҚХП атынан Құрылтай депутаттығына үміткер:
- Халықпен көп кездесу өткізіп жатырмыз. Халықтың белсенділігі жақсы. Олар өздерінің сұрақтарын қояды, көптеген мәселелерді көтереді. Инклюзия жағынан, жастарды қолдау, адами капитал соған көңіл бөлу. Басқа да әлеуметтік мәселелер бар.
«Ақ жол» партиясы: кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды
«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматыға барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар логистикалық компания мен құрылыс материалдарын шағаратын зауыт ұжымымен кездесті. Жиында саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен бірге қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, несие жүктемесін азайту, ипотекалық несиелеу және логистика саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Айта кетейік, Алматы қаласында шағын және орта бизнес субъектілерінде 900 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
- Біздің мақсатымыз кәсіпкерлермен кездескенде, олардың шешілмеген мәслелерін шешу. Бұл тек шағын және орта бизнесті қолдау емес. Ең соңында біз халық болып оның пайдасын көреміз.
«Ауыл» партиясының өкілдері инклюзивті білім беру мәселесін талқылады
«Ауыл» партиясының өкілдері Өскеменде инклюзивті білім беру және дамуында ерекшелігі бар жандарды қолдау мәселесін талқылады. Сондықтан басқосуға өңірдегі түрлі қоғамдық ұйымның белсенділері жиналды. Кандидаттар ел бойынша мүгедекті бар жандардың жұмысқа орналасу жайына тоқталды. Өңір тұрғындарының айтуынша, Шығыс Қазақстанда бұл мәселе аса өзекті емес. Мұндай санатқа жататын азаматтардың өзі қоғам өміріне белсене араласып, еңбек етіп жүр. Тіпті олардың арасында жеке кәсіп ашып, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырғандар бар, - дейді. Саяси ұйым мүшелері ерекше баласы бар ата-аналарды қолдауға арналған түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант алудың жолдарын түсіндірді.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
- Ресми түрде Шығыс Қазақстанда мүгедек адамдар бар. Міне, Шығыс Қазақстанда қандай жұмыс істеліп жатыр. Үш жылдың ішінде көп жұмыс істелді. Өздеріңіздің естеріңізге түсірейін. Осы сәуір айында үлкен фестиваль болды. Үш жарым мың халық жиналды. Бүгін жалғасы. Қандай мәселелер шешілді. Кездесіп жатырмыз.
ЖСДП кандидаттары тұрғындармен кездесті
Көпқабатты үйлерді жаңғырту, ескірген лифттер, Коммуналдық саладағы қордаланған мәселелер бүгін «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» өкілдері ұйымдастырған басқосуда талқыланды. Ақтөбеде өткен шараға пәтер иелері кооперативі және мүлік иелері бірлестігі басшылары қатысты. Ал Жезқазғанда саяси партия өкілдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесті.
Павлодар облысының Аққулы ауданында өткен жиында Құрылтай депутаттығына үміткерлер сайлау алды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында тұрғындар кибер алаяқтықтың алдын алу, жайылым жерлердің тапшылығы, ауызсу мәселесі және жастарды ауылда тұрақтандыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Роза Жүсіпова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы поф төрағасы:
- Ауылдардың айналасында қарапайым адамдардың жекеменшік мал жаятын жайылым жерлері қалмаған, көп аудандарда сондай сұрақ көтеріліп жатыр және су мәселесі, жұмыс орындарының мәселелері, жол мәселелері, жастарды ауылға қалай оралтамыз, жастар үшін қандай жағдай жасаймыз ауылды жерде сондай сұрақтар көтеріліп жатыр.
«Байтақ» партиясы «Қазгидромет» ұжымымен кездесті
«Байтақ» партиясы Казгидромет ұжымымен кездесті. Жиында Алматы қаласының экологиялық ахуалы, атмосфералық ауа сапасын бақылау, қоршаған ортаның жай-күйін тұрақты мониторингтеу және экологиялық қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар қоғамдық көлік жүйесін дамыту, көлік кептелістерін азайту және жанармай сапасын қатаң бақылаудың ауа сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. «Байтақ» партиясының өкілдері экологиялық мониторингті жетілдіру, тәуелсіз зертханалық бақылауды күшейту және халықтың таза ауаға деген конституциялық құқығын қорғау партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды.
Алма Қараш, «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер:
- Әрбір екінші бала аллергиямен, астмамен ауырады, онкология, қант сияқты аурулар жасарады. Алматының ауасы, экологиялық жағдайы азаматтардың психологиялық жағдайына да әсер етеді. Ең қызығы, бұл мәселелер туралы бәріміз білеміз. Олар қазір өте жоғары, байсалды, мемлекеттік деңгейде шешілуі керек.