Ақтауда 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді
Маңғыстау облысында 457 мыңнан астам адам Құрылтай сайлауы кезінде дауыс беру құқығына ие. 23 тамызда аймақта 267 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Ақтауға жұмыс сапары аясында сайлау учаскелерінің жалпыхалықтық саяси науқанға дайындық барысымен танысты.
№34-мектепте орналасқан №275 және №276 сайлау учаскесіне барлығы 3 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Орталық сайлау комиссиясы әр учаскенің дайындығын тексеріп шықты. Мүгедектігі бар азаматтардың ғимаратқа еркін кіруіне керек құралдарға баса мән берілді.
Нұрбол Халиманов, №276 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Осы сайлау учаскесі бойынша 1529 сайлаушы тіркелген. Заң талаптарына сәйкес кабиналар жасақталған. 23 тамыз күні тұрғындар сайлауға келіп, дауыстарын бере алады.
Орталық сайлау комиссиясының Ақтауға сапары жергілікті комиссия мүшелеріне әдістемелік көмек көрсетуді көздейді. «Достық» үйінде өткен жиында сайлаушылардың Конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдау жөнінде тапсырма берілді.
Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы
- Кеше Жаңаөзенде жұмыс істедік. Бүгін Ақтау қаласындағы учаскелерді қарадық. Соның ішінде әсіресе, жаңадан құрылған учаскелерге барып жатырмыз. Себебі олардың материалдық-техникалық қамтылуы өте маңызды. Бұл өңірде де басқа өңірлердегідей арнайы мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр.
Асхат Оралов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Облыста барлығы 267 сайлау учаскесі бар. Барлық сайлау учаскелері байланыс, материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Пандустар, кабиналармен қамтамасыз етіліп, қолжетімділік картасына енгізілген болатын.
Құрылтай сайлауы кезінде аймақта сall-орталықтар жұмыс істейді. Маңғыстаулықтар тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлау учаскесін sailau.e-mangistau.kz сайты немесе man_saylaw_bot Telegram арнасы арқылы онлайн тексере алады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев