Елде 1 333 сайлау учаскесін мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы ету жұмыстары жүргізіледі
Елде 9 мыңнан астам сайлау учаскесіне мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты ыңғайлы екеніне талдау жүргізілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесе атқарған мониторинг нәтижесінде 1 333 учаскеде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады. Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек кіреберістегі пандуспен шектелмейді. Маңыздысы әр азаматтың учаскеге өздігінен, кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, дауыс беруге қажетті барлық құралдарды пайдалана алуы керек. Елде сайлауға қатысу жасына жеткен 325 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.