Кәсіпорындарда сайлау учаскелері құрылды
Ақмола облысында үздіксіз өндіріс жүретін кәсіпорындарда үш жаңа сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Сайлау күні жұмыста болатын 900-ден астам қызметкер сайлаушылар тізіміне енгізілді.
Бұл оларға өндірістен қол үзбей-ақ өз таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Сайлау учаскелерінің дайындығын өңірге жұмыс сапары барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілева тексерді. Сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігіне, комиссия мүшелерінің дайындығына және азаматтарды ақпараттандыруға ерекше назар аударылды. Жалпы Ақмола облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға 759 сайлау учаскесі дайындалды. Барлығы 4520 адам жұмыс істейді
Әсел Жанәбілева, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Жуырда Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Заң шығарушы қосымша сайлау учаскелері ашылуы мүмкін кәсіпорындардың тізімін толықтырды. Яғни сайлауға құқығы бар азаматтар сол күні жұмыс орнында ауысымда болады. Әрине, олардың жұмысын тастап, рұқсат сұрап кетуі қиын. Сондықтан осы кәсіпорында жұмыс істейтін мыңнан астам қызметкердің дауыс беруі үшін осындай сайлау учаскесін ашу туралы шешім қабылданды.