Алматыда сайлау сипаты сараланды

Қазақстанда сайлаушылардың 75 пайызы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті. Бұл – маңызды саяси оқиға қарсаңында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі.

Мәліметтер Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған  «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңының отырысында жарияланды. Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың таңдауына партиялардың бағдарламасы мен кандидаттардың тұлғасы ғана емес, теледебаттар, әлеуметтік желілердегі ақпарат та ықпал етуі мүмкін. Зерттеушілер қазіргі науқанның 2019 және 2023 жылдардағы сайлаулардан бір ерекшелігі – ақпарат тарату арналарының өзгеруінде екенін атап өтті. Бүгінде әлеуметтік желілер белсенді қолданылып, үгіт-насихат материалдарын әзірлеуде генеративті жасанды интеллект технологиялары да пайдаланыла бастаған.

Айгүл Сәдуақасова, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры:

- Әлеуметтік желілер қазіргі таңда өте белсенді.  Дегенмен адамдар тікелей сөйлесуге аса мұқтаж екенін байқауға болады. Тікелей аудиторияда сұрақ болды. Мысалы, «Өңірлер өздерінің сұрақтарын қалай шеше алады?», «Қалай байланыса алады?» және «Саяси партиялар қаншалықты жергілікті жерде өздерінің жұмысын халықпен ұйымдастыра біледі?», «Қаншалықты солардың сұрақтарына жауап береді?» деген тиімді фактор болады.