Атырау облысында вахталық жұмысшыларға арналған сайлау учаскелері құрылды

Атырау облысындағы Қарабатан және Прорва кен орнында Құрылтай сайлауына дауыс беру үшін жаңа учаскелер құрылды.

Сайлау учаскелері вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазір вахталық әдіспен 11 мыңнан астам дауыс беруші кен орындарында еңбек етіп жатыр. Өңірге барған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жаңа сайлау учаскелерін тексерді. Жалпы 23 тамыз күні облыс бойынша дауыс беру құқығына ие 428 мыңнан астам адам  278 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасайды. Науқанды түрлі деңгейдегі екі мыңнан аса комиссия мүшелері қадағалайды.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Әрбір азаматқа, осы кәсіпорында жұмыс істейтін жұмысшыларға, ҚР азаматтарына, сайлаушыларына ыңғайлы жағдай жасалынып жатыр. Осы жерден 23 тамызда таңғы 7-ден бастап өзіне ыңғайлы уақытында келеді де дауыс береді. Атырау облысы бойынша 2 осындай учаске ашылып жатыр.