Құрылтай сайлауы таяп қалды
Әне-міне дегенше Құрылтай сайлауы таяп қалды. Елдегі басты саяси додаға партиялар да тас-түйін дайын. Қазір олар өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Сапар аясында әр саяси ұйым өз сайлауалды бағдарламасын жіті таныстырып, жұртшылықты толғандырған мәселелерге құлақ түрді.
Respubliсa партиясының өкілдері сайлаушылармен кездесті
Respubliсa партиясы өкілдері Қостанайда бірнеше өндіріс орындарында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Машина жасау зауыттары, кондитерлік фабриканың жұмысымен танысып, алдағы мақсат-міндеттері жайлы ой-пікір алмасты. Сонымен қатар саяси партия өкілдері жастармен жүздесіп, әйелдер қауымдастығы форуымына қатысты. Әңгімеге арқау болған мәселе аз емес. Халықтың табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту төңірегінде жиналғандар сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Жалынбек Жайнарбай, Respubliсa партиясы атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Теңге құнсызданады, басқа да сыртқы факторлар бар. Импортта үлкен проблемалар бар. Мысалы, біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті болуы үшін жеңілдетілген кредиттерді көптеп берсе және оның пайыздық мөлшерлемесін бүгінгі нарықтағы бар күннен де әлдеқайда төмен қылып істеу керек.
«Байтақ» партиясы автобөлшектер нарығы ұжымымен кездесті
Шымкентте «Байтақ» партиясының өкілдері автобөлшектер нарығы қызметкерлерімен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Құрылтай депутаттығына кандидат Айдос Ордабеков тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілетін мәселелерге де тоқталды. Соның бірі - 1 шілдеден бастап күшіне енген абаттандыруға қатысты жаңа ережелер. Құжат тұрғын үйлерге іргелес аумақтарды, оның ішінде жеке сектордағы аумақтарды күтіп ұстау тәртібін қамтиды. Тұрғындарды әсіресе автокөлік қою ережелері мен көліктерден шығатын зиянды газдарға қатысты мәселелер алаңдатады.
Айдос Ордабеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Шымкент қаласында бес жерде кездесу жоспарланған. Сол бес жердің екінші жері – базар. Бір жерінде кездесу жүргізіп келе жатырмыз. Тағы бірі Республика бойында Азат шағын ауданында және Тұран-2 шағын ауданында халықпен кездесулер жүргіземіз.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері Алматы облысының ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі мен өзекті мәселелері сөз болды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар, ауыл халқының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелерді талқылады. Сонымен қатар Жетісу облысындағы партия өкілдері Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесті. Қарабұлақ кентіндегі мәдениет үйінде өткен басқосуға өнер саласының қызметкерлері, жастар, кітапхана ұжымы және қоғамдық бірлестік мүшелері қатысты.
Жасұлан Мүкаманов, ЖСДП атынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
- Жетісу облысының 8 ауданы мен екі қаласында 20-дан астам кездесу өткіздік. Жалпы халықтың жиналуы жоғары. Келесі аптада Көксу ауданы және Талдықорған қаласында бірнеше іс-шараларымыз бар. Сол жерде халықпен кездесіп, өзіміздің бағдарламамызды насихаттауды жоспарлап отырмыз.