«Әділет» партиясының сайлауалды штабы
Ал енді саяси партиялардың өздеріне кезек берейік.
Кеше арнамыздың тікелей эфирінде партиялардың жеребе тарту рәсімі өтті. Әр саяси ұйым басты теледебатта сөз сөйлеу кезегін анықтады. Дегенмен, біз партияларды Орталық сайлау комиссиясының бюллетеньдеріне сай кезекпен қосуды жөн көрдік.
Бұл сайлаудың ерекшеліктерінің бірі - науқанға тұңғыш рет «Әділет» партиясы қатысып отыр. Жаңадан құрылған саяси күштің алғашқы үлкен саяси додаға дайындығын білейік. Штабтағы көңіл-күй қалай?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Штабтағы көңіл-күй тамаша. Дегенмен, мұнда да жұмыс қауырт. Кешелі бері бұл жерде дебатқа әзірлік жүргізіліп, дайындық жұмыстары соңғы рет пысықталды. Штаб бөлмесі үш қабатқа бөлінген. Әр маман белгіленген аймақта өздеріне берілген тапсырманы орындап жатыр. Жоғарыда айтылғандай, Әділет партиясы бұл сайлауға тұңғыш рет қатысып жатса да, алдыңғы 3 дебаттың қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсете білді. Бұл жолы да олар тыңғылықты дайындықпен келіп, нәтижемізді қайталауға тырысамыз дейді. Сондықтан дәл қазір мұндағы ұжым 24KZ телеарнасын қосып, кезекті дебаттың басталуын тағатсыздана күтіп отыр. Дебатқа партия төрағасы Айбек Дәдебай қатысады. Дәл қазір менің ту сыртымда осы партияның жалаушаларды ұстаған белсенді қолдау тобы тұр. Құрамында саяси бірлестік мүшелері, волонтерлер мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар бар. Олар үгіт-насихат науқаны басталғалы бері еліміздің бірнеше өңірін аралап, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Жастармен, қариялармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, бастамаларын халыққа егжей-тегжейлі түсіндірді. Делегация өкілдері педагогтермен, медицина қызметкерлерімен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен, кәсіпкерлермен және шаруалармен жүздесті. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Ауылдарды газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, жайылым және суармалы жер тапшылығы, жұмыссыздық деңгейін төмендету, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мәселелерін айтты. Айта кеткен жөн, Әділет партиясынан Құрылтай депутаттығына 186 кандидат бар. Олардың ішінде 114-і ер және 72-сі әйел.