«Respublica» партиясының штабына 30-дан астам белсенді жиналды

«Дамыған экономика - қуатты қоғам»

бүгінгі Басты дебаттың тақырыбы. Осы бағытта өз ұстанымын ортаға салатын саяси күштердің бірі «Respublica» партиясы. Партия экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және қоғамның әл-ауқатын арттыру бойынша қандай ұсыныстарын ортаға салмақ? Қазір Respublica партиясының штабындағы әріптесімізбен тікелей байланысқа шығайық. Штабтағы дайындық қалай өтіп жатыр? 

Назерке Тоқжан, тілші:

- Партиялар арасындағы теледебаттың басталуына санаулы минуттар қалды. Сәйкесінше, мына біз тұрған Respublica  партиясының бас штабында әзірлік қызу. Менің ту сыртымдағы ормандай жанкүйерлер барынша алаулатып-жалаулатып  өз партияларына қолдау көрсетуден аянып жатқан жоқ. Енді ше? Бүгін, дәл біздің 24 КЗ арнасында Құрылтай сайлауына түскелі тұрған 7 партияның көшбасшылары пікір таластырады. Сондықтан бұл жалпы команда үшін сыналатын әрі жұдырықтай жұмылатын тағы бір сындарлы сәт. Әлгінде айтқандай, Respublica партиясы атынан теледебатқа саяси ұйым төрағасы Айдарбек Қожаназаров қатысады. Партия сайлауалды бағдарламасында қандай мәселелерді негізге алды? Саяси мінберге халықтың қай аманатын арқалап барады? Міне осы және өзге де көкейтесті сауалдардың жауабын бірер минуттардан кейін партия көшбасшысының өз аузынан еститін боламыз. Осы тұста, айта кетейін: Respublica партиясы Құрылтай сайлауына 75 кандидат ұсынып отыр. Оның тең жарымына жуығы әйелдер. Сонымен қатар, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен блогерліктен - бизнес, мәдениет, ғылым-білім сынды сан түрлі саланың тұтқасын ұстап жүрген белсенді азаматтар бар. Осы кезге дейін партия мүшелері еліміздің әр қиырын аралап, 800-ден астам кездесу өткізді. 600-ден астам кәсіпорында болып, еңбек адамын толғандырған мәселелерге құлақ түрді. Бас-аяғы 1 млн 200 мыңнан астам тұрғын  үгіт-насихат жұмыстарымен қамтылған. Партиялықтар бұл қарқынды әрмен де жалғастыруға ниетті. Бүгінгі теледебат тартысты өтетін секілді.