Құрылтай сайлауы алдында жеті партия үгіт науқанын аяқтады

Жексенбі елде алғашқы Құрылтай сайлауы өтеді. Ал ертең тыныштық күні. Сәйкесінше бүгін партиялар үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. 

Осы аралықта 7 партия өкілдері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, тұрғындармен кездесті. Бірқатар кәсіпорында болып, еңбек адамын толғандырған түйткілдерге назар салды.

«Әділет» партиясы саяси науқанның үгіт-насихат кезеңін қорытындылады

«Әділет» партиясы саяси науқанның үгіт-насихат кезеңін қорытындылады. Орталық аппаратта өткен жиында республикалық сайлауалды штаб өкілдері, байқаушылар дауыс беру күніне дайындығын пысықтады. Науқан барысында өңірлерде 247 штаб жұмыс істеп, ел бойынша мыңдаған кездесу өткізілді. Негізгі бағыт - мемлекет басшысының реформаларын қолдау және жаңа Конституция қағидаттарын іске асыру. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, тұрғындардан түскен 2 мыңнан астам ұсыныс пен аманат алдағы заңнамалық бастамалардың берік негізіне айналады.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық бағытының арқасында елімізде ірі жобалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым дамып, экономика жаңғырып келеді. Халық қалалар мен ауылдардағы оң өзгерістерді күнделікті өмірінен көріп, сезініп отыр. Сондықтан Президентіміздің бағытын қолдап, елдің одан әрі дамуын саясатпен байланыстырып отырғаны түсінікті. Әрине, қордаланған мәселелердің бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жаңа Конституциямыз оларды жүйелі шешудің берік негізін қалап, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Біздің мақсатымыз – оның ережелерін іске асырып, халықтың өміріне нақты оң өзгерістер әкелу

Respublica партиясы үгіт науқанын аяқтады

Астанада Respublica партиясы сайлауалды штабының қорытынды отырысын өткізді. Үгіт науқаны ресми түрде аяқталды. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров кездесуді командаға алғыс айтудан бастады. Республикалық және өңірлік штабтар күнделікті үгіт жұмысын жүргізді. Бірнеше апта ішінде саяси ұйым республикалық сайлауалды штабының мүшелері 20 өңірді аралап, 800-ден астам кәсіпорында болды. Бас-аяғы 15 мың шақырым жол жүріп өткен.

Аталмыш партиядан Құрылтай депутаттығына 75 кандидат бар. Олар 1 млн 300 мыңнан астам қазақстандықпен кездесіп. үгіт жұмыстарын жүргізді.

Сырымбек Тау, Respublica партиясының тең төрағасы:

- Бүгін үгіт-насихаттың соңғы күні. Біз бүгін штабты жабамыз. Үгін насихат бір айға созылды. Өңірдің барлығында болдық, 1 жарым млн жуық адамға үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Оның барлығын ойлайтын болсақ, оңай болған жоқ. Ең бастысы халықтың сауалдарын және жолдайтын мұңдарын тыңдадық.

ҚХП үгіт-насихат науқанының қорытындысын шығарды

Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат науқанының қорытындысын шығарды. Бір ай ішінде кандидаттар мыңнан астам кездесу өткізіп, 100 мыңнан аса азаматпен тілдесіп үлгерген. Агитациялық жұмыстың негізгі бөлігі ауылдар мен моноқалаларда жүргізілді. Партия төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайыновтың айтуынша, сайлауалды штаб өз міндетін толықтай орындаған. Кездесуден кейін партия мүшелері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акция ұйымдастырды.

Ирина Смирнова, Қазақстан халық партиясының мүшесі:

- Еліміздің 20 аймағында партиямыздың филиалдары бар. Олар үгіт-насихат науқанында ауқымды жұмыс атқарды. Тұрғындармен сұрақ-жауап алмасып, толғандыратын мәселелерді анықтадық. Оларды жай түртіп алып қана қоймай, шешімін табу атсалысу біздің міндетіміз.  Яғни, бұл жай ғана кездесу емес. Бұл бұқараның әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты әрі кешенді жұмыс дер едім.

«Ақ жол» демократиялық партиясы үгіт-насихат науқанын қорытындылады

«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаттары үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде киелі Түркістанға барды.  Депутаттыққа кандидаттар жиһаз зауытының ұжымымен кездесті. Жұмысшыларға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, шағын және орта бизнеске жағдай жасау, жастарды тұрғын үймен қамту және жұмыссыздықты жою мәселесін талқылады. Кездесуде сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі, несие мөлшерлемелерін төмендету және еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды. Ашық диалог барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Айта кетейік, «Ақ Жол» демократиялық партиясының өкілдері елдің барлық өңірінде сайлауалды кездесу өткізді, оған 150 мыңнан аса адам қатысқан.  

Қазыбек Иса, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Көп мәселе экологиялық жағдайға қатысты айтылып жатыр. Одан бөлек Шардара, Жетісай, Мақтааралда су мәселесін де көтеріп жатыр. Сонымен қатар білім, жоғары білім мәселесі, руханият, мәдениеттің де мәселелері бар. Олардың біраз бөлігін жазып, түйіп алдық.

«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады

«Ауыл» партиясы үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Jetisy саябағында өткен шарада науқан кезінде атқарылған жұмыстар пысықталды. Бір ай ішінде партия өкілдері мен депутаттыққа үміткерлер еліміздің барлық өңірін аралап, 4 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырған. Олар ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, фермерлермен, кәсіпкерлермен, жастармен және сарапшылармен кездесті. Пікір алмасу кезінде сайлаушылар жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, жол, су, энергетикалық инфрақұрылым, интернет, сондай-ақ білім және медицина салаларындағы өзекті мәселелерді көтерді.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

- Қазір 2000-нан аса ауылда «оптика волокон» салынған. Ауылдың қасынан магистраль өтеді. Қалған ауылда интернет жоқ. 5 жылдың ішінде 4 млн-нан аса ауылдың халқын интернетпен қамтиды. Біз шалғай аудандарға барып, осындай үлкен шара істедік.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының қорытынды форумы өтті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қорытынды форумын өткізді.Жиында үгіт-насихат жұмыстары мен атқарылған іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ партияның саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламасының негізгі қаулылары көпшілікке ұсынылды. Форумға партия көшбасшылары мен белсенді мүшелері қатысты. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан депутаттыққа үміткерлер өз ұстанымдарын жеткізді. Олар партияның басым бағыттарын баяндап, қоғам белсенділері, сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Осылайша, партияның сайлауалды науқаны түйінделді.

Мақсұт Насибулов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы орталық аппаратының жетекшісі: 

- Бізге 800 қоңырау шалынып, 1700-ден астам хат жолданды. Ертең тыныштық күні. Сол күні сараптап анализ жасайтын боламыз. Халықтан, сайлаушыдан қандай ұсыныс келгенін қараймыз.

«Байтақ» партиясы үтіт-насихат жұмыстарын түйіндеді

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын «Байтақ» партиясы да қорытындылады. Бұл жолы әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген насихат жұмыстарына көңіл бөлген. Нәтижесінде ел арасында саяси ұйымның танымалдылығы артқан.  Электоралды кезеңде партия мүшелері елдің түкпір-түкпірін аралап, экологиялық жиындар өткізді. Кездесу барысында аймақтарда қордаланған мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылған. Өңірлердегі партия филиалдары үгіт-насихат кезеңінде жүйелі жұмыс тәртібіне көшкен. Бүгін партияның отыз күнде атқарған жұмысын әлемдік байқаушылар тексеріп жатыр.

Алмат Тұртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының атқарушы хатшысы:

- Барлық саяси процесс аяқталған соң біз өзіміздің жасаған жұмысымызға анализ жасаймыз. Бұл не үшін керек десеңіз, алдағы уақыттағы біздің бағытымыз бен жоспарымызды айқындауға ықпал етеді. Бізге әрі қарай нық қадам басуға жол ашады. Менің өзім сайлау қарсаңында еліміздің бірнеше өңірін аралап, жұртшылықпен кездестім. Көңіл бөлінуі тиіс тақырып көп. Бізге сенім артқан, қолдау білдірген барлық азаматтарға алғыс білдіреміз.