Халықаралық байқаушылар ALEM.AI орталығын аралады
Маңызды науқан алдында елімізге ат басын бұрған халықаралық байқаушылардың легі бүгін alem.ai орталығында болды.
60-тан астам делегация өкіліне Орталық Азиядағы алғашқы жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктері көрсетілді. 8 қабаттан тұратын ғимаратта отандық стартап жобалардың озық үлгілері топтастырылған. Халықаралық байқаушылар әсіресе алдағы саяси шарада қолданылатын инновациялық әдістерге қызығушылық танытты. Оларға сонымен қатар Sailau AI деп аталатын жасанды көмекші мен азаматтардың өз бетінше сайлау учаскелерін іздеуге бағытталған жаңа бастамалар таныстырылды.
Зайниддин Низамходжаев, Өзбекстан Республикасы орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Біздің делегацияда 22 адам бар. Оның 12-сі Астана қаласында, қалғаны шекаралас өңірлер Түркістан мен Шымкентте науқан барысын қадағалайды. Бұған дейін екі елдің Орталық сайлау комиссиясы өзара ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойған болатын.Оған сәйкес, біз сайлау заңнамасының орындалуын толықтай зерделейміз. Ал бүгін қазақстандық әріптестеріміздің жасанды интеллект саласындағы жетістіктері мен цифрлық технологиялардың даму деңгейін көрдік. Бұл бағытта Қазақстан алдыңғы қатарда келе жатқанын байқадық.