Сеул мен Токио алғашқы болып дауыс берді
Құрылтай сайлауына таң атпай, ең алғашқы дауыс берген кімдер? Олар бұдан 4 сағат бұрын сайлау учаскесіне келген. Бұл - Оңтүстік Корея мен Жапонияда жүрген отандастарымыз.
Олар тарихи Құрылтайда алғашқы болып дауыс берді. Сеул мен Токиодағы сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 03:00-де, яғни таңғы 7:00-де ашылды.
Қазақстандықтар Қазақстан елшіліктерінің ғимараттарында дауыс беріп жатыр.
Сеулдегі 422-ші учаске таңғы сағат 07:00-де ашылды. Дауыс беру басталар алдында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Құрылтай сайлауына қатысқан еліміздің тұңғыш азаматы Ажар Кәрімжанова болды. Ол - Кореяның ең беделді үш жоғары оқу орнының қатарына кіретін Корё университетінің магистранты. Бойжеткен Көкшетау қаласынан келген. Жалпы Кореяда білім алып жатқан жастардың Құрылтай сайлауына қатысу белсенділігі жоғары болуы мүмкін. Өйткені сайлауалды науқан кезінде әлеуметтік желілерде депутаттыққа үміткерлер туралы көп талқылаулар болды. Сондай-ақ олар қазақстандық телеарналардан көрсетілген дебаттарды көрді.
Ажар Кәрімжанова, Корё университетінің магистранты:
- Менің ойымша, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлауға қатысу азаматтың құқығы ғана емес, азаматтық жауапкершілігі мен парызы. Себебі бүгінгі қабылданған шешімдер ертеңгі Қазақстанның қандай болатындығын анықтайды. Біздің таңдауымыз еліміздің болашағына әсер етеді. Сондықтан да жастардың пікірін білдіріп, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысу өте маңызды.
Токиодағы Қазақстан елшілігі жанынан ашылған сайлау учаскесіне би болып киініп келген отандасымыз Әлішер Әшімбаев бірінші болып келді. Цуукуба университетінің студенті бұл арқылы осы тарихи оқиғаның маңыздылығын атап көрсетуді жөн көрген.
Әлішер Әзімбаев, Цукуба университетінің студенті:
- Бүгін осы сайлауға би кейіпінде келіп тұрмын. Жалпы саясат пен тарихтың байланысын, оның сабақтастығын көрсеткім келеді. Әділдік пен халық билігінің негізі қалаған Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би сияқты ұлы бабаларымыздың аманаты - біздің рухани және саяси дамуына іргетасы болу қажет деп ойлаймын. Құрылтай қазақ тарихындағы ел тағдырын шешкен ұлттық жиын болған. Құрылтайға да өз үмітімізді артамыз. Біз елдегі оң өзгерістерге сенеміз және сол өзгерістердің белсенді қатысушысы болуына дайынбыз.
Саяси партиялардың өкілдері қатысқан теледебаттарды көріп үлгермегендер олармен елшілікте таныса алады, мұнда олардың сайлауалды бағдарламалары ұсынылған. Құрылтай сайлауындағы жаңашылдық - сайлаушылардың тегі мен мәліметтерін жауып тұратын арнайы трафарет. Алғаш рет дауыс беріп жатқандарға, ең жас және ең қарт сайлаушыға естелік сыйлықтар дайындалды. Сондай-ақ учаске кіреберісінде мерекелік дастархан жайылған.
Бүгін 422-ші сайлау учаскесіне 300-ге жуық сайлаушы келеді деп күтілуде.