Қытайда 4 қалада дауыс беруге болады

Құрылтай сайлауында алғашқы болып дауыс берген елдің бірі - Қытай.  Шығыстағы көрші елде 4 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Олар Бейжің, Гонконг, Сиань және Шанхай шаһарларында орналасқан. Бейжіңдегі Елшілік ғимаратындағы №421 учаскеде 170 азамат тіркелген. Қытай қазақстандықтар ең жиі баратын елдердің бірі. Қос мемлекеттің арадағы визасыз жүріп-тұру туралы келісімі барыс-келісті тіптен көбейткені белгілі. Дауысты консулдық есепте тұрған азаматтар ғана емес, өзге мақсатпен жүрген қазақстандықтар да беруге құқылы. Бұл үшін қолында жеке басын растайтын құжаты болса жеткілікті. Сондықтан сайлаушылар саны тіркелген азаматтардан көп болуы мүмкін, - дейді комиссия төрағасы.

Рахымжан Рахимов, №421 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:

- Қазақстан азаматтары келіп, өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыруда. Жалпы дауыс беру процесін талапқа сай өткізу үшін учаскеде барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта Бейжіңде 50 адам дауыс берді. Соңғы мәлімет бойынша Гонконгта 12 адам, Шанхайда 15 адам, ал Сианьда 7 адам дауыс берді.