Қытайдағы учаскелерде дауыс беру аяқталды

Қытайдағы сайлау учаскелерінің жұмысы аяқталды. Комиссия дауыс беру нәтижелерін қорытындылап жатыр. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда сайлау қорытындыланды. Дауыс беру жергілікті уақытпен тура кешкі сағат 20:00-де тоқтатылды. Бүгін бұл елдің 4 бірдей қаласында сайлау учаскелері жұмыс істеді. Осында қыдырып келген саяхатшыларға, білім алып жүрген жастарға, кәсіпкерлерге, жалпы қазақстандықтарға өз таңдауын жасауға толық мүмкіндік берілді.

Саяси науқан Бейжіңнен бөлек, Шанхай, Гонконг, Сиань қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктердің аумағында ұйымдастырылды. Қазақстандықтардың дені Бейжіңдегі №421 сайлау учаскесінде тіркелген. Ал жалпы бүкіл Қытай бойынша бас-аяғы қанша адам дауыс бергені бюллетеньдерді санағаннан кейін нақтыланады. Сайлау нәтижелерін комиссиясының төрағасы Рахымжан Рахимов қорытындылайды.

Рахымжан Рахимов, №421 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы:

- Бүгін Қытайдың төрт қаласында Бейжің, Шанхай, Гонконг және Сианьда сайлау учаскелері тура сағат сегізде жұмысын тоқтатты. Енді аталған қалалардың комиссия мүшелері жәшіктерді ашып, бюллетеньдердің санын нақтылайды. Хаттамаға қол қойып, елге жібереді. Негізгі жұмысымыз аяқталды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, осымен Қытайда Құрылтай сайлауына дауыс беру аяқталды деуге болады. Қазір мұндағы барлық учаскелер жабылды. Ендігі жұмысты комиссия қорытындылайды.