Құрылтай сайлауы аяқталуға жақын

Құрылтай сайлауының аяқталуына бір сағатқа жуық уақыт қалды. Азаматтар сайлау учаскелеріне келіп, әлі де дауыс беріп жатыр. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Таңғы 07:00-ден бастап әріптестерім қаладағы бірнеше сайлау учаскесінде болып, ел тарихында қалатын саяси оқиға туралы ақпараттарымен бөлісті. Жалпы Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлау қалыпты, әрі ашық жағдайда өткенін айту керек. Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық бақылаушылары, ТМД байқаушылары сайлаушылардың белсенділігін, дауыс беру үдерісінің ашықтығын және сайлау комиссиясы мүшелерінің жоғары деңгейдегі дайындығын атап өтті. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін учаскелерде тиісті жағдай жасалғанына назар аударды. Олар да сайлау науқанынан шет қалмай, өз таңдауларын жасады. Алматы – мәдениет пен руханияттың қаласы. Бүгін таңнан бастап зиялы қауым өкілдері де Құрылтай сайлауына үн қосып, дауыс берді. Олардың қатарында белгілі актер, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов та бар.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның Халық әртісі:
- «Құрылтай» деп бекер өзгертпеген. Сол Құрылтай — біздің біртұтастығымыздың айдары мен айбарындай, бағыт-бағдарындай. Бүгін қарасақ, әрине экономика жағынан, қаржыландыру жағынан өзгерістердің барлығы шаш-етектен келіп жатқандай. Алайда ең негізгі сұраныс — бұл халықтың әлеуметтік жағы. Бүгін көпбалалы аналарға деген жағдай, ұстаздарға деген жақсы жаңалықтар келіп жатыр.

Біз қазір 686 сайлау учскесінде тұрмыз. Бұл жерде 2310 сайлаушы тіркелген. Олардың қатарында 30 сайлаушы 18 жасқа толып, бірінші рет сайлауға қатысып, дауыс берді. Қазір бірнеше минуттан соң сайлау аяқталады. Учаскелер жабылған соң қандай жұмыстар атқарылады? Ол туралы бізге учаске төрайымы Жанар Оразалиева айтып береді.

Жанар Оразалиева, №686 сайлау учаскесінің төрағасы:

- Тағы бір айта кетерлігі, Құрылтай сайлауы тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Әуелі, ең бірінші болып дауыс беруге келгендерге дәстүр бойынша естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар сайлау учаскелерінің жанында дәстүрлі мектеп және азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ учаскелерге әртүрлі образда киініп келіп, дауыс берген белсенділер де болды. Мысалы, қазақ батырының бейнесіндегі жас жігіт келіп, өз таңдауын жасады. Ең қызығы, Алматыда Құрылтай есімді екі тұрғын дауыс берді. Бұл – бүгінгі сайлау барысының бір парасы.