61 мемлекетте сайлау учаскелері құрылды
Құрылтай сайлауы қарсаңында жырақта жүрген отандастарымыз үшін 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылған болатын.
Ондағы тізімге 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы енгізілген. Қазіргі жағдай бойынша 6 мыңнан астамы өз таңдауын жасап үлгерді. 11 учаскеде дауыс беру аяқталған. Уақыт белдеулеріне байланысты саяси науқан Әр елде әр мезгілде өтіп жатыр. Ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы Қазақстан азаматтары дауыс береді.
Құрылтай сайлауындағы ең алғашқы дауыстар Сеул мен Токиода берілді. Ол жердегі учаскелер Астана уақытымен түнгі үште ашылып, саяси науқанды мемлекеттік әнұранмен бастады. Оңтүстік Кореядағы сайлаушылардың дені –жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстан жастары.
Жапониядағы қазақ жастары да белсенді. Ала таңмен таласып, өз таңдауын жасауға келгендердің арасында қазақ биінің бейнесіне еніп, тарихи сабақтастыққа ерекше мән берген студент те бар. Сайлау учаскесінің кіреберісінде мерекелік дастархан жайылып, алғаш рет дауыс беріп жатқандарға, ең жас және ең қарт сайлаушыға естелік сыйлықтар дайындалған.
Қытайдағы қазақ азаматтары Бейжің, Шанхай, Сиань және Гонконгтағы төрт учаскеде таңдауларын жасады. Бейжіңде тізімге алдын ала енбеген отандастарымыз да жеке куәлігі арқылы дауыс беру мүмкіндігін пайдаланған. Олардың арасында кәсіпкерлер, бортсеріктер, туристер мен зейнеткерлер бар. Барлық учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар мен арнайы бөлмелер қарастырылған.
Шетелдегі ең ірі дауыс беру учаскелерінің бірі Түркияда. Анкара, Ыстанбұл, Анталия және Измирде төрт учаске ашылып, 2 мыңға жуық азаматқа жағдай жасалған. Анкарадағы сайлаушылар арасында студенттер мен әскери оқу орындарының курсанттары көп. Биыл ғана 18 жасқа толған Жандармерия және жағалау күзеті академиясының курсанттары алғаш рет дауыс беруге топ болып келді. Жырақтағы отандастарымыз үшін мұндағы сайлау шағын басқосуға ұласқан. Елшілік ауласында ұлттық ән-күй орындалып, қазақы тағамдар ұсынылды.
Франциядағы Елисей алаңының маңындағы учаскеде елшілік қызметкерлері мен студенттерден бөлек, уақытша келген қазақстандықтар да дауыс беріп жатыр. Арасында Парижге кино түсірілімі бойынша келген шығармашылық топ мүшелері бар. Олар жұмыс кестесін өзгертіп, азаматтық борышын өтеу үшін елшілікке арнайы келген.
Брюссельдегі учаскеде де таңнан бері сайлаушылар легі толастаған жоқ. Консулдық есепте 262 қазақстан азаматы бар. Дауыс беруде жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері, студент жастар және отбасыларымен келген отандастарымыз белсенділік танытты. Кейбірі сайлау учаскесіне ұлттық дәстүрмен шашу шашып кірген.
Ал мұхиттың ар жағында сайлау күні ұзаққа созылады. АҚШ-та Қазақстан азаматтары Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Францискода дауыс бере алады. Уақыт айырмашылығына байланысты Сан-Франциско әлем бойынша Құрылтай сайлауын ең соңғы аяқтайтын нүктелердің бірі болмақ. Мұнда АҚШ-та тұрақты тұратындармен бірге оқу, жұмыс немесе сапармен жүрген Қазақстан азаматтары өз таңдауын Астана уақытымен таңғы беске дейін жасай алады.