«Жалпыұлттық онлайн-марафон – 2026»
Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық онлайн-марафон өтті. Шараға қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнерпаздар қатысты.
Телемарафон барысында сайлаумен қатар, елдің даму жолы, ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Көрермендерге еліміздегі ең ірі құрылыс алаңдарынан арнайы репортаждар ұсынылды. Сондай-ақ Ақтөбедегі жаңа вокзалдың ресми ашылу рәсімі көрсетілді. Яғни елде ауқымды құрылыс жүріп жатыр.
Жәнібек Тайжанов, ҚР көлік вице-министрі:
- Жыл соңына дейін Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде тағы үш жаңа әуежайды ашу – біздің міндетіміз. 2029 жылға дейін әуежай терминалдарын қайта жаңғырту, сондай-ақ ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Автомобиль саласында ел бойынша 11 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды.
Арнайы алаңда спикерлер қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени тақырыптарды талқылады. Марафонның басты ерекшелігі –Астана, Алматы және Шымкенттен тікелей қосылымдар. Тілшілер үш мегаполистің тыныс-тіршілігін, көрікті жерлерін көрсетіп, тұрғындар мен түрлі сала мамандарынан сұхбат алды. Марафонды республикалық және өңірлік телеарналар, сондай-ақ отандық БАҚ-тың әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары тікелей эфирде көрсетті. Бүгінгі марафон – сайлау барысы туралы жедел ақпарат беретін алаң ғана емес. Бұл – Қазақстанның ертеңі туралы ашық әңгіме. Инфрақұрылым, технология, білім, спорт және басқа да салалардағы өзгерістер сөз болды. Қатысушылардың пайымы бір арнаға тоғысты.