Қ. Тоқаев: Алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұр
«Артқа шегінер жол жоқ». Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды реформалар жайлы осылай деді.
Әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, халықаралық қатынастар жүйесі бұрынғыдан да құбылмалы сипат алып отыр. Мемлекеттер арасындағы сенімнің әлсіреуі жаһандық қауіпсіздік институттарының жұмысына да әсер етуде. Президенттің айтуынша, мұндай жағдайда өңірлік халықаралық ұйымдардың рөлі артып, әлемдік аренада «орта державалар» деп аталатын мемлекеттердің ықпалы күшейіп келеді. Қазақстан да осы санатқа жататын ел ретінде халықаралық үдерістерге белсенді араласып жатыр. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы адамзат алдына жаңа мүмкіндіктермен бірге бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер қойып отыр. Президент осындай күрделі кезеңде елдің егемендігін нығайтып, экономика, ғылым, әскери-дипломатиялық әлеует пен адам капиталын дамыту аса маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан прогрессивті, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады. Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті. Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулік жетістік.