Қ. Тоқаев пен Бельгия Королі Филипп бірлескен мәлімдеме қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар королі Филипп бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ақордадағы келелі келіссөзде тараптар аса маңызды минералдар, мұнай-химия, өнеркәсіп, машина жасау және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты. Онда мәдени-гуманитарлық саладағы қол жеткізілген келісімдер сөз болды, деп хабарлайды 24KZ.

Әлішер Әли, тілші:

– Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі және Патшайымымен әуелі жеке кездесіп, серіктестік жайын сүзбеден өткізді. Мемлекет басшысы бұл сапарды екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап, байланысты одан әрі бекемдей түсуге айрықша мән беретінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз. Ал Король Филипп сөз басында ілтипат білдіріп, еліміздің халықаралық аренадағы биік абырой-беделіне арнайы тоқталды. Бельгия Қазақстанды стратегиялық серіктес ретінде таниды. Ал Орталық Азия өңірін тоғыз жолдың торабы ретінде қарастырады. Кездесуде негізгі назар сауда-экономика мен инвестицияға ауды.

Филипп, бельгиялықтар Королі:

– Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді. Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз.

Қос ел арасындағы көрсеткіш көлемді. Ал әлеует одан да мол. Былтыр тараптардың алыс-берісі 585 миллион долларға жуықтаған. Өсім 27 пайыз. Қазақстан химия өнеркәсібі өнімдерін, тоқыма бұйымдарын және өсімдік тектес өнімдер жеткізеді. Ал Бельгиядан өнеркәсіптік жабдықтар, дәрі-дәрмек сатып аламыз. Кәрі құрлықтағы серіктестеріміз ел экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың қатарына кіреді. Бірақ байланысты бекемдей түсуге мүмкіндік мол. Дәл осы мәселені талқылау үшін саясаткерлер келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Мемлекет басшысы қос ел арасында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларында серіктестікке серпін беруге болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын.

Кейінгі 20 жылда Бельгия Қазақстан экономикасына 15 миллиард доллардан аса инвестиция құйған. Қазір 100 ге тарта компаниясы елде табысты жұмыс істеп жатыр. Король Филипп бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға бейіл екенін мәлімдеді.

Филипп, Бельгиялықтар Королі:

– Сіздің басшылығыңызбен еліңіз дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше әсерлендік. Сапар кезінде танысу жоспарланған жасанды интеллект, энергетика, атом энергиясы салалары екі ел үшін өте маңызды. Ғалымдардың дөңгелек үстелдегі пікірталасына куә боламыз. Бізбен бірге университеттердің ректорларынан, компания өкілдерінен тұратын үлкен делегация келді. Келіссөз барысында екі елдің ресми делегация мүшелері сөз сөйледі. Тараптар сөзді іске ұластыруға бейіл екенін растады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

– Келесі бағыт – білім және ғылым. Кейінгі 5 жылда еліміздің 26 жоғары оқу орны Бельгия университеттерімен 65 келісімшартқа қол қойған. Енді көрсеткіш көбейетіні сөзсіз. Себебі ертең ректорлар форумы өтеді. Онда жасанды интеллектіні ғылым мен білім беру саласында қолдану мәселелері талқыланады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Мемлекет басшысы емен-жарқын достық рәуіште, әрі сындарлы сипатта өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын. Король Филипп кейінгі отыз жылда елдеріміз берік әрі мызғымас байланыс орнатқанын атап өтіп, Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесі отырысына көп үміт артатынын айтты. Сондай-ақ Король Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін мәлімдеді.

Филипп, бельгиялықтар Королі:

- Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік сапар аясында Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек корольдік жұп Алматыға барады. Алатау баурайына сапары аясында ядролық медицина саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылады. Сондай-ақ шаһардағы өнер музейін аралайды.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Дильмурад Сейдаханов

Сондай-ақ оқыңыз: