ШЫҰ: Жаңа сын-қатерлерге ортақ жауап
Әлемдегі қақтығыстар енді тек әскери іс-қимыл жүріп жатқан аумақпен шектелмейді. Оның салдары саудаға, транзитке, логистикаға және тұтас экономикаларға әсер етіп отыр.
Осындай жағдайда Еуразия аумағының 65 пайызын қамтитын Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі қандай болмақ? Бүгін ұйымға мүше елдердің басшылары Бішкекте бас қосып, қауіпсіздікпен қатар сауда, инвестиция және жаңа көлік бағыттары мәселелерін талқылады. Жиынға қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Даму банкін құруды қолдап, оның штаб-пәтерін елімізде орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Риат Шони, тілші:
- Ширек ғасыр бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылған кезде негізгі әңгіме шекарадағы қауіпсіздік пен өзара сенім туралы еді. Арада 25 жыл өтті. Ұйым кеңейді, күн тәртібіне экономика, сауда, көлік, технология қосылды. Бірақ әлемдегі жағдайға қарасаңыз, қауіпсіздік мәселесі қайтадан алдыңғы қатарға шықты. Тек қауіптің сипаты өзгерген: бұрын шекараны күзету маңызды болса, қазір терроризм, кибершабуыл, есірткі трафигі мен геосаяси қақтығыстардың өзі шекара таңдамайды. Сондықтан Бішкектегі бұл кездесу ұйымның мерейтойлық саммиті ғана емес. Бұл – 25 жылда қаншалықты өзгергенін және алдағы уақытта не үшін қажет екенін анықтайтын жиын.
Кеше Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты. Ал бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының мерейтойлық саммиті. Иә, Бішкек екі күн бойы осылайша, әлем назарын өзіне аудартып отыр. Алқалы жиынға Алатаудың баурайына 17 елдің басшысы мен бірқатар халықаралық ұйымдардың төрағалары жиналды.
Шанхай бестігінен басталған бірлестік, бүгінде алып беделді ұйымға айналған. Құрамында 10 мемлекет. Еуразия құрылығының 65 пайызын алып отыр. 3,5 млрд-қа жуық халқы бар. Алып нарық. Ұйымға мүше елдер арасындағы өзара сауда-саттық жайы да жоғары деңгейде. 2024 жылы тауар айналым 650 млрд доллар болса, биылғы болжам бойынша бұл көрсеткіш 720 млрд доллардан аспақ.
Ерік Батырханов, Экономикалық саясат пен халықаралық қатынастар бойынша тәуелсіз сарапшы:
- Қазақстан ШЫҰ аясында даму банкін құру бастамасын ілгерілетіп келеді. Оның негізгі мақсаты - инфрақұрылымдық, транзиттік және экологиялық жобаларды қаржыландыру. Өйткені мұндай ірі жобаларды нақты қаржысыз жүзеге асыру қиын. Сонымен қатар Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланып, ШЫҰ елдерінің инвестициялық жобаларын іске асыратын қаржылық алаң ұсына алады.
Күн тәртібіндегі осы және өзге де мәселелерді ұйымға мүше мемлекеттер басшылары ең әуелі шағын құрамда талқылады. Жиында сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы алыс-беріс артып келе жатқанымен, әлеуетті толық пайдалана алмай отырмыз. «Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек», - дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін табысты бастамаларды тұтас Ұйым аумағында жаппай таратуға болады. Қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын іске қосуға болады.
Бұл алаңдарда тауар алмасудың жеңілдетілген тәртібін, цифрлық рәсімдер мен заманауи есеп айырысу тетіктерін сынақтан өткізуге болады. Сондай-ақ Президент еліміз Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын қолдайтындығын алға тартты. Бұл жердегі қаржыны инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттауды да ұсынды. Өзге елдер бастамаға қолдау білдірсе, Қазақстан банктің штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға да дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азияның перспективті сауда жолдарымен ұштастыруға баса мән береді. Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз.
Қазір әлемдік геосаясатта транзит пен тауар тасымалы мәселесі күрделене түсті. Себебі түрлі аймақта қарулы қақтығыстар жалғасып, мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейіп келеді. Мұндай қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл жүріп жатқан аумақпен шектелмей, одан тыс өңірлерге де тарайтыны алаңдатады. Соның кесірінен халықаралық нарықтар тұрақсызданып, көлік дәліздері мен логистикалық байланыстарға нұқсан келіп отыр. Сондықтан қауіпсіз әрі тұрақты транзиттік бағыттарға деген сұраныс бұрынғыдан да арта түскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ШЫҰ құрамында Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жатқан әлемдік тәртіптің тұрпаты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына байланысты. Бұл ретте Ұйымға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады.
Айта кету керек, ШЫҰ аясындағы негізгі, әрі басты бағыттардың бірі – ол қауіпсіздік. Қазір дағдарыстардың трансшекаралық сипат алу қаупі күшейіп, терроризм, экстремизм, сепаратизм, есірткі тасымалы, заңсыз қару айналымы мен киберқауіп өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мәселен, былтыр «Паутина» операциясы аясында ұйымға мүше мемлекеттердің аумағынан 10 тоннаға жуық есірткі мен 21 тоннадан астам прекурсор тәркіленіп, 2,5 мыңға жуық адам ұсталды.
Отырыс барысында Президент еліміз «үш зұлым күшке» қарсы күресте ШЫҰ-ның қауіпсіздік және есірткіге қарсы орталықтарын қолдайтындығын жеткізді. Бұл құрылымдар мүше елдердің бірлескен жұмысын күшейтуге бағытталған. Ал отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары 30-ға жуық құжатқа қол қойды.
Авторлары: Риат Шони, Асхат Серікұлы, Ділмұрат Сейдаханов