Найробиде Қазақстанның бейбіт бастамасы талқыланды
Кения астанасы Найробиде ядролық сынақтардың зардабы туралы жиын өтті. БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесі мен Қазақстан елшілігі ұйымдастырған жиын Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналды.
Сондай-ақ Хиросима мен Нагасакидегі қайғылы оқиғаның 81 жылдығы да басқосуда сөз болды. Найробиде еліміздің ядролық қарусыздануды ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі жөнінде айтылды. Жойқын қарудың адамзат баласы мен қоршаған ортаға кері әсері талқыланды. Жиынға Кения, Жапония және Қазақстан өкілдері қатысты. Олардың арасында БҰҰ Бас хатшысының үш орынбасары – Зайнаб Хава Бангура, Ингер Андерсен және Ана Клаудиа Россбах бар.
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Оның аумағы 18 мың шаршы шақырымнан асты. Ал сынақтар кезінде бір жарым млн адам радиацияға ұшырады. Бұл деректерді Қазақстанның Кениядағы елшісі Барлыбай Садыков атап өтіп, ядролық сынақтарға жол бермеуге шақырды.
Барлыбай Садықов, Қазақстанның Кениядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық сынақтар мен қауіп-қатерден азат әлем құруды қолдайтынын тағы да айтты. 35 жыл бұрын Қазақстан Семей ядролық полигонын жапты. Кейін әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан да бас тартты. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті таңдаған тарихи шешім. Қазақстан ядролық державаларды диалогқа шақырады. Сондай-ақ ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шартты тезірек күшіне енгізуге үндейді.
Биыл Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Бұл бағытта Қазақстан халықаралық ядролық қауіпсіздікті күшейтуді қолдап келеді. Сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды жақтайды. Қазақстанның бұл бастамасын Жапонияның Кениядағы елшісі Хироси Мацуура жоғары бағалады.
Дипломат өз сөзінде Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасының зардабын еске салды.
Хироси Мацурра, Жапонияның Кениядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Ең алдымен, Қазақстанның 35 жыл бұрын Семей ядролық полигонын біржола жабу туралы шешіміне зор құрмет білдіремін. Бұл – Қазақстан халқының ерекше батылдығын көрсеткен шешім. Қазақстан өз аумағында ядролық сынақтардан бас тартып, олардың таралуын тоқтатуға үлкен үлес қосты. Жапония – атом қаруының қасіретін өз басынан өткерген әлемдегі жалғыз мемлекет. Біз бұл мәселені халықаралық қауымдастыққа көп жылдар бойы жеткізіп келеміз.
Қазақстан мен Жапонияның тарихы ядролық қарудың зардабын еске салады. Найробидегі кездесуде қатысушылар ядролық қауіпсіздікті сақтау үшін халықаралық диалогты жалғастыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеуге шақырды.
Авторлары: Динара Қуандыққызы, Ернат Мельсұлы