Қазақстан – Лаос: жаңа көлік дәліздеріне жол ашылады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Делегация мүшелерінің қатысуымен өткен жиында екі елдің басшылар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму перспективасын талқылады. Мемлекет басшысы Лаос нарығына жеткізілетін қазақстандық тауар көлемін кеңейтудің мүмкіндігі мол екенін айтты. Әсіресе металл, тағам, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдерін тасымалдай аламыз деді. Бұдан бөлек, екі елдің көлік-логистика саласындағы ықпалдастығына назар аударып, Лаостың бұл бағыттағы табысын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет.
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды. Платформаға әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. Ол арқылы елге 27 млрд доллар инвестиция тартылған. Мемлекет басшысы қаржы орталығы Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады деді. Келіссөз қорытындысы бойынша қос ел басшылары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растайтын бірлескен мәлімдеме қабылдады.