Қазақстан мен Лаос арасындағы байланыс
Қазақстанға алғаш рет Лаос президенті келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі санайтынын жеткізді.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде географиялық тағдырлас елдер тасымал мәселесін талқылады. Тараптар мәдени-гуманитарлық және туризм саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударды. Сауда-саттық, білім және ғылым тақырыбы да кеңінен қаузалды.
Әлішер Әли, тілші:
-Халық саны жеті миллионнан асатын, жер аумағы Оңтүстік Шығыс Азияны басатын Лаос деген бір ел бар. Туризм саласын түлеткен, электр энергиясымен экономикасын үдеткен, шаш етектен пайдаға кеңелмесе де, пайдалы қазбасымен шаруасын ширатып отырған шағын ел. Алақандай болса да алпауыт елдермен алыс-берісі үзілген емес. Бүгін сол Лаостың президенті елге ресми сапармен келді.
Лаос президентін салтанатты қарсы алу рәсімі Тәуелсіздік сарайында өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи оқиға екенін атап, Лаосты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі санайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр. Лаос мемлекеті біздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көтерген бастамаларымызды қолдады. Ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз. Осы сапардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел үкіметтері белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөзде географиялық тағдырлас елдер тасымал мәселесін талқылады. Иә Қазақстан да, Лаос та мұхитқа шыға алмайтын мемлекеттер. Тіпті құрлықпен қатынасы да қиын. Бірақ тараптарды қос халықаралық ұйым байланыстырады. Лаос Шанхай ынтымақтастық ұйымында «диалог бойынша серіктес» мәртебесіне ие болса, Қазақстан соның мүшесі. Бұдан бөлек, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесте де жолдары түйіседі. Қазақстан мүшесі, ал, Лаос бақылаушы мемлекет. Демек, екі жақтың да инфрақұрылымдық әрі көлік-логистикалық мүмкіндіктері бар. Мысалы, біз Орталық Азия мен Каспий бағыттарын ұсынсақ, Лаос Оңтүстік-Шығыс Азиядағы логистикалық хабқа айналуды көздейді. Негізгі түйістіруші тізбек – «Қазақстан – Қытай – Лаос» теміржолы. Егер осы жобалар жолға қойылса алыстан арбалауға әбден болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Лаос өнімдерін Орталық Азия мен Еуропаға біздің көлік дәліздері арқылы шығаруға болады. Қазақстан да Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін ұлғайтуға ниетті. Біз Лаостың теңізге шығатын жолы жоқ елден Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін байланыстырушы елге айналу жолындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Лаос – Қытай теміржолы елдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, АСЕАН елдерін Қытаймен және Еуропамен жалғауға жол ашты. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет.
Әлішер Әли, тілші:
- Жер аяғы алыс дегенмен, Лаоспен алыс-беріс үзілген емес. Екі мемлекет сауда-саттықтан бөлек, білім, ғылым, мәдени салада байланыс орнатқан. Ал былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млн АҚШ долларынан асты. Лаос басшысының бұл сапардағы мақсаты – осы экономикалық байланысты одан әрі нығайту.
Тхонглун Сисулит, Лаос Халық Демократиялық Республикасының президенті:
- Мен Қазақстанды Орталық Азиядағы Лаоспен әрдайым ізгі әрі орнықты қарым-қатынас жасаған елдердің бірі ретінде қарастырамын. Қазақстан Лаосқа ұлт-азаттық күрес кезінен бері көмек қолын созып, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлемдегі ахуал сан мәрте өзгерсе де, Қазақстан мен Лаостың қарым-қатынасы, бауырластық байланыстары және бір-біріне тілеулестігі мүлде өзгерген емес. Бүгінгі сапар екі ел арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға және кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстан мен Лаос арасындағы сауда айналымы қаңтар-маусым аралығында 428 мың долларға жуықтады. Лаостан киім-кешек пен микрофон, дауыс зорайтқышы сияқты құрылғылар тасымалданады. Қазақстан өндірістік-техникалық тексеріс пен өлшеу құралдарын экспорттайды.
Тхонгсаван Фомвихан, Лаос Халық Демократиялық Республикасының Сыртқы істер министрі:
- Біз сауда, энергетика, цифрландыру, көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа да бағыттардағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделіміз. Осы арқылы мемлекеттік деңгейдегі және іскерлік ортадағы өзара іс-қимылды жандандыра аламыз.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық және туризм салаларындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Екі елдің жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатудың, академиялық алмасу мен бірлесе кадр даярлау аясын кеңейтудің, сұранысқа ие лаостық мамандарды Қазақстанда оқытудың әлеуеті зор екені айтылды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығының жеңілдіктерін барынша пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- АХҚО бизнес ашу мен инвестиция тартудың халықаралық алаңына айналды. Онда әлемнің 90-нан аса елінен келген 6300-ден астам компания тіркелген. АХҚО платформасы арқылы Қазақстанға 27 миллиард доллар инвестиция тартылды. АХҚО Лаос компаниялары үшін Қазақстан нарығына шығатын әрі Орталық Азиядағы қызметін кеңейтетін тиімді құрал бола алады.
Келіссөз қорытындысы бойынша қос ел басшылары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Артынша қос елдің cыртқы істер министрліктері, еліміздің Бас прокуратурасы мен Лаостың Жоғарғы халық прокуратурасы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Лаостың Ғылым және технологиялар министрлігі өзара келісімге келді. Астана мен Вьентьян қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы да меморандумға қол қойылды.
Авторы: Әлішер Әли