Үкімет отырысы: құрылыс пен агросалада маман тапшы

Қазақстанда еңбек нарығындағы маман тапшылығы әлі күнге өзекті болып отыр. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында кадр қат.

Қазіргі күні колледждерде даярланатын мамандар мен экономика сұранысы арасында айтарлықтай алшақтық қалыптасқан. Құрыш білекті 102 мың құрылысшы керек болса, агросекторға 73 мың маман жетіспеушілігі бар екен. Аталған бағыттағы істі ілгерлету барысы бүгінгі үкімет отырысында пысықталды. Жаңа жасалған министрлер кабинетінің алғашқы отырысында нендей мақсат-міндеттер айтылды? Қандай жоба-жоспарлар бар?

Қазақстанда еңбек нарығының өзгеруіне байланысты мамандарды даярлау жүйесі жаңартылуда. Жаңа мамандықтар атласы негізінде биыл 2 мыңға жуық  білім беру бағдарламасы өзектендірілді.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы небәрі 7 бағдарлама болған. Бүгінде 20 өңірлік карта әзірленіп, онда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып отыр. Сондай-ақ қолданыстағы кәсіптердің трансформациясы көрсетілді. Мұнда жәй ғана шәкірттерді оқытып, теория жүзінде білім-білігін толыстыру ғана емес, сұранысқа сай, заманауи дағдыларға машықтандыруға басымдық беріледі. Саясат Нұрбектің сөзінше, оқытуға жаппай жасанды интеллект негізіндерін қосу ескерілген.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Кадрларға қажеттілікті кешенді болжауға сүйенетін болсақ, 2030 жылға қарай сұраныстың 53%-ы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі. Мамандарға ең көп қажеттілігі бар салалар – ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және т.б. 73 мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша орта мерзімді қажеттілік 437,9 мың маманды құрайды. Қажеттіліктің 55%-ы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына, қолданбалы біліктіліктер мен микробіліктіліктерге, ал 45%-ы жоғары білімді мамандарға тиесілі.

Технологиялық өзгерістер мамандықтар құрылымына да әсер етіп отыр. Бүгінде әлемде 200-ден астам жаңа мамандық пайда болып, 100-ге жуық кәсіп трансформацияланады. Ал 125 мамандыққа сұраныс төмендеуі мүмкін. Тиісінше, бұл  үрдістер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығындағы өзгерістерге алдын ала бейімдеуді талап етеді. Министр мәліметіне сенсек, елде экономикадағы сұранысы пен колледждердегі кадр даярлау көлемі арасында алшақтық бар. Қазіргі күні Қазақстанда құрылыс саласына 102 мың, ауыл шаруашылығына 75 мың маман қажет. Алайда колледждерде осы бағыттарда оқып жатқан студенттер саны еңбек нарығының сұранысына сай келмейді. Себебін сала министрі былай деп түсіндірді:

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Еңбек нарығының болжамы экономика сұранысы мен колледждердегі кадр даярлау көлемі арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. Орта мерзімді болжам бойынша 2023 жылға қарай 1,8 млн астам жұмысшы маманға сұраныс қалыптасады. Оның ішінде өнеркәсіпке – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында байқалады. Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар, ал осы бағытта 22,4 мың студент оқиды, яғни сұраныс 4,5 есе жоғары.

Еңбек нарығындағы сұранысқа қарай колледждердегі мамандықтар мен білім беру бағдарламалары да қайта қаралып жатыр. Сұранысы төмен болғандықтан 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау жоспарланған. Сонымен қатар еңбек нарығының қазіргі талабына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы арнайы тізілімнен шығарылды. Бұл шара колледждерде сұранысқа ие әрі жұмыс берушілерге қажетті мамандарды даярлауға бағытталып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: