50 мың қарыз 752 мың теңгеге дейін өседі: Депутаттар шара қабылдауды талап етті
«Ақ жол» фракциясының депутаттары елде өршіген заңсыз өсімқорлық пен лицензиясыз платформалардың әрекетіне тосқауыл қоюды талап етіп, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ». Халық қалаулылары мұндай құрылымдардың халықты тығырыққа тіреп, орасан зор пайызбен қарыз таратып жатқанына дабыл қақты.
Депутаттардың айтуынша, ешқандай тіркеусіз және лицензиясыз жұмыс істейтін «Alem Credit» сияқты платформалар азаматтарға ресми белгіленген шектен 9,5 есе асып түсетін және 10 есе жоғары айыппұл санкцияларын қолданып отыр. Мәселен, мақұлданған 50 000 теңгенің қолға тиетіні 32 000 теңге болса, кейін талап етілетін сома 752 000 теңгеге, яғни нақты алған сомадан 23 есеге дейін өсіп кетеді.
Сайтта тіркелу кезінде азаматтардың жеке биометриялық деректері заңсыз жиналып, қарыз қаражаты дропперлердің карталары мен криптоинфраструктура арқылы беріледі. Мерзімі өткен қарыздарды өндіру үшін үзіліссіз қоңыраулар шалынып, туыстары мен жұмыс берушілеріне психологиялық қысым көрсетілуде. Тіпті жасанды интеллект арқылы жасалған әдепсіз сипаттағы суреттерді тарату және жалған қылмыстық іс қозғалды деп қорқыту әдістері қолданылатыны анықталған, - деді депутат.
Қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, мұндай платформалардың жарнамасы тоқтамай, жаңа сайттары ашылуда. Азаматтардың шағымдары ведомстволар арасында қалып қойып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оларды тек сотқа жіберумен шектеледі де, заңсыз кредитор өз жұмысын жалғастыра беруде, - деп мәлімдеді депутат Юрий Ли.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары құқық қорғау және қаржылық мониторинг органдарынан бұл мәселені жеке бақылауға алып, аталмыш заңсыз қаржылық құрылымдардың жолын кесу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.