Қазақстан халықаралық ғарыш саммитінде
Парижде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық ғарыш саммиті аяқталды. Жаһандық жиынға Қазақстан атынан Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты.
Екі күн бойы 120-ға жуық шетелдік делегация өкілдері ғарыш саласының болашағын, орбитадағы қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Париждегі Гран-Пале екі күнге ғарыш әлеміне айналды. Тарихи шыны күмбездің астында зымыран-тасығыштар мен жерсеріктердің түрлі үлгілерін көруге болады. Париж тұңғыш рет 90-ға жуық елден ғарышкер, саясаткер, инвестор мен бизнес өкілдерін бір алаңға жинады. Олардың ішінде адамзат алғаш ғарышқа аттанған Байқоңыр айлағы орналасқан Қазақстан да бар.
Саммитті ашқан Франция Президенті Эммануэль Макронның айтуынша, ғарыш – күш біріктіріп әрекет етуді қажет ететін сала. Әсіресе геосаяси ахуал құбылып тұрған кезеңде. Қазір Еуропа елдері ғарышқа АҚШ-пен салыстырғанда шамамен бес есе аз қаржы жұмсайды. Париж өз технологияларын дамытып, халықаралық ынтымақтастық арқылы әлеуетті арттыруды ұсынып отыр. Мұндай әріптестіктің нәтижесі ретінде Макрон саммит аясында жалпы құны 20 млрд еуроға жуық 51 келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
Эммануэль Макрон, Франция Президенті:
- Еуропа ортақ әрі қуатты көзқарас қалыптастыруы керек. Мемлекеттер, ірі компаниялар мен Еуропалық одақ күш біріктіруге тиіс. Бұл стратегия нақты жобалар арқылы жүзеге асуы қажет. Сонда ғана Еуропа технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, серіктестерін өзі таңдай алады.
Кепілді серіктес болуға Қазақстан дайын. Қазір орбитада Жерді қашықтан бақылайтын қазақстандық үш жерсерік бар. Елдегі байланысқа жауапты KazSat жүйесі жаңғыртылып жатыр. Сәуір айында Байқоңырдағы «Бәйтерек» кешенінен «Сұңқар» зымыран-тасығышының алғашқы сынағы өтті. Ендігі міндеттердің бірі – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. 2030 жылға қарай Қазақстан Жерді қашықтан зондтайтын 9 жерсерігінен тұратын халықаралық топ құруды, ал келешекте олардың санын 14-ке дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Парижде алғаш рет өтіп жатқан осы саммитке Президент Макрон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты шақырған. Президентіміздің тапсырмасымен Қазақстан делегациясын бастап келіп, осы саммитке қатысу мәртебесі маған бұйырды. Еліміз вертикалды интеграцияланған ғарыш саласын қалыптастырып жатыр. Өзіміздің ғылыми-зерттеу институттарымыз бар. Ghalam құрастыру-сынақ кешенінде өз жерсеріктерімізді шығарамыз.
Саммитте Ғарыш қоқысы, орбитадағы қауіпсіздік, Ай мен Марсты игеру мәселелері де талқыланды. Ғарыш тарихы терең әрі әлеуеті жоғары Қазақстан үшін бұл үдерістерге қатысу – ғарыш саласындағы тең құқылы әріптестікті дамыту стратегиясының бір бөлігі.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан