Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтады

Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілмек. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары барысында экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа бағыттары айқындалды. Келіссөздер қорытындысы бойынша құны 19 млрд долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Мұнай өңдеу, қала құрылысы, атом энергетикасы, білім және авиация салаларындағы жобаларға басымдық берілді. 

Әлішер Әли, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына алғаш мемлекеттік сапарын бес жыл бұрын жасады. Сол кезде жүзеге асқан жобалар екі елдің технология, энергетика және логистика салаларына біршама серпін берді. Нәтижесінде қос ел арасындағы сауда көлемі артып, Корея Қазақстанның 10 сауда серіктесінің қатарына енді. Ал президенттің таңғы шық еліне жасаған биылғы сапары серіктестікке жаңа деңгейде серпін бермек.

Корея елінің Президенті Ли Чжэ Мёң өз резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алды. Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, артынша екі елдің әнұраны шырқалды.

Сән-салтанаты келіскен тарихи сарайда қос елдің басшылары келіссөз жүргізді. Шағын құрамдағы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяға сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге алғыс айтып, сүйегі отанына қайтарылған таңғы шық елінің тарихи тұлғасына арнайы тоқталды. Сондай-ақ Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының жай-күйі мен келешегіне баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сапар барысында 19 млрд долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз.

Корея президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, Сеулге жасаған сапарына айрықша мән беретінін атап өтті. Келіссөз барысында екі елдің жүйелі байланысты үзбеуге, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендері айтылды. Сондай-ақ тараптар қос ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға ниетті екенін растады.

Ли Чжэ Мёң, Корея Республикасының президенті:

- Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз.

Артынша тараптардың кездесуі кеңейтілген құрамда жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударып, сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру бағытына тоқталды. Президент Сеул мен Астананың халықаралық аренадағы ықпалдастығына да жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Қазақстанға 51 мыңға жуық корей азаматы сапармен келді. Бұған екі мемлекет арасындағы тікелей әуе қатынасының қарқынды дамуы айтарлықтай ықпал етуде. Арамызда ірі жоба пайда болды. Ол – Алатау қаласының құрылысы. Бүгін біз Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалын ашу туралы келісімге қол қоямыз. Бұл қадам білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге тың серпін береді деп ойлаймын.

Корея Президенті қос елдің сыртқы саясаттағы бағдары ұқсас екенін мәлімдеп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.

Ли Чжэ Мёң, Корея Республикасының президенті:

- Корея Республикасы мен Қазақстан сыртқы саясаттағы ынтымақтастық аясын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен нақты нәтижеге бағдарланған прагматикалық дипломатия ұстанады. Қазақстан – біздің экономикалық қауіпсіздік саласындағы маңызды серіктесіміз. 

Сіздің еліңіз тек энергетикалық және табиғи ресурстарға ғана бай емес, келешегі зор жоғары технологиялық салаларда да зор әлеуетке ие. біз өндіріске арналған озық цифрлық технологияларымыз арқылы Қазақстан өнеркәсібін жаңғыртуға үлес қосуға әзірміз. Халықаралық ахуал бұлыңғыр кезеңде елдеріміз күш-жігер мен әлеуеттерін біріктіріп, ынтымақтастықты нығайтуға тиіс. Сондай-ақ өзара тиімді негізде экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін табуы қажет.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрлері болашаққа бағдарланған қазақ-корей қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеру туралы вербальді ноталар алмасты. Бұдан бөлек, делегация мүшелері де үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге келді. Олардың арасында мұнай саласындағы ынтымақтастық, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану және әуе қозғаласын дамыту сынды құжаттар бар.

Авторы: Әлішер Әли

Сондай-ақ оқыңыз: