Қ. Тоқаев Кореямен өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды
Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі 10 млрд доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі.
Бұл туралы бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде айтылды. Жиында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, жастарға арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау ұсынылды. Соңғы күндері Сеул халықаралық дипломатияның қызған орталығына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек, Өзбекстан, Түркіменстан президенттері Кореяға мемлекеттік сапармен, ал Тәжікстан, Қырғызстан басшылары ресми сапармен келді.
Бүгін таңғы шық елінің президенті бес елдің басшыларын бір ортаға тоғыстырып, «Орталық Азия – Корея» саммитінің шымылдығын түрді. Ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілді. Бүгін Кореяның Орталық Азия елдерімен тең дәрежелі әрі ұзақмерзімді серіктестікті жолға қою ниетіне куә болып отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиындағы сөзін осылай деп бастады. Мемлекет басшысы самиттің тарихи уақиға екенін мәлімдеп, кездесуді ұйымдастырған Ли Чжэ Мёңға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Корея Республикасы қазіргі замандағы ұлттық өрлеудің таңдай қақтырарлық тамаша үлгісін танытты. Білімге, инновацияға және адам капиталына басымдық берудің арқасында сіздер қысқа мерзім ішінде жетекші технологиялық державалардың қатарына қосылдыңыздар. Бұл – дамылсыз еңбектің, темірдей тәртіптің және табандылықтың заңды нәтижесі. Қазақ халқы жетістіктеріңізге шын мәнінде тәнті болып, сүйініп отырады.
Корея – Қазақстанға инвестиция салудан именбейтін елдердің бірі. Кейінгі жылдары Оңтүстік Кореядан 12 млрд доллардан аса инвестиция тартылды. Елде корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін қаузап, алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін айтты.
«Altyn Visa» бағдарламасына да тоқталып, «Орталық Азия – Корея» арасында өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кореяның технологиялық қуатын еліміздің өндірістік әлеуетімен ұштастыратын дәл осындай серіктестік үлгісін басқа да салаларда қолдануға болады деп ойлаймын. Бұл ретте Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы өнеркәсіп министрлерінің бірінші кездесуін өткізу идеясын құптаймын. Осы бастаманы одан әрі ілгерілету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынамын. Аталған тетік аясында үкіметтеріміз өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға ден қоя отырып, бірлескен маңдайалды жобалардың тізімін жасақтай алар еді. Бүгінгі «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-форумы осы үдеріске елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Жиында қаузалған мәселелердің бірі көлік логистика. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жеткізу тізбегінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Осы тұста Шығыс пен Батысты байланыстыратын маңызды буын ретінде Орталық Азияның рөлі арта түсті деді. Сондай-ақ Президент еліміз өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 млн тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады.
2030 жылға дейін елде 42 су қоймасы салынып, 14 мың шақырым арна жаңартылады. Бұл туралы жиында Қасым Жомарт Тоқаев айтты. Президент су қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейтуді ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамытуға қызығушылық танытып отырғанын айтып, цифрландыру және жасанды инттелект саласындағы ынтымақтастыққа мән берді. Жиында ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Агроөнеркәсіп өнімдеріміз әлемнің 70-тен астам еліне жеткізіледі. Экспорт көлемі 7 млрд долларға жетті. Қазақстан жер ресурстарына бай. Ал Корея ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру және оған жоғары технологияларды енгізу ісінде көш бастап тұр. Бәсекеге қабілетті артықшылықтарымызды біріктіріп, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынамын. Қазақстан корей компанияларына үлкен нарық ұсынып қана қоймай, өндіріс орындарын ашуға, технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мол мүмкіндік береді. Бұл корей бизнесінің көкжиегін кеңейте түседі. Сонымен қатар тұтас Орталық Азияға нақты мультипликативті әсерін тигізеді.
Орталық Азияның өзара байланысын нығайту өңірдің экономикалық әлеуетін толық танытады, халықаралық бизнеске жол ашып, ауқымды бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін береді. Президент жиындағы сөзін осылай деп қортындылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһанда технологиялық және экономикалық тұрғыдан көшбасшы саналатын Кореямен ынтымақтастықты тереңдету осы мақсаттарға жедел қол жеткізуге ықпал етері сөзсіз деді.
Авторы: Әлішер Әли