Орталық Азия – Корея серіктестігі талқыланды
Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 млрд доллардан асты.
Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Оған қоса, Кореядан елімізге 12 млрд доллардан астам инвестиция келген. Бұл туралы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Қазақстанда корей капиталының үлесі бар мыңнан аса бірлескен кәсіпорын тіркелген. Мемлекет басшысы алдағы уақытта да кореялық компанияларға қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді. Өнеркәсіп саласында экономикалық ықпалдастықты тереңдету үшін тараптардың құзырлы министрлерінің кездесуін құптады. Сондай-ақ өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Аталған тетік аясында өндіріс локализациясына, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және дайын өнімді үшінші елдер нарығына шығаруға мүмкіндік туады.