Әлем елдері Қазақстанның экологиялық бастамаларын қолдайды
Қазақстан кейінгі жылдары экономикалық, әлеуметтік және өзге де идеологиялық бағыттағы бірқатар реформаны жүзеге асырып келе жатыр.
Соның ішінде «Таза Қазақстан» экожобасы тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Саяси сарапшы Жандар Асан осылай деп пікір білдірді. Спикердің айтуынша, ел Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» ретінде белгілеу туралы ұсынысы айрықша мәнге ие. Әлем қауымдастығы Қазақ елінің экологиялық бастамаларына қолдау танытып отыр.
Жандар Асан, саяси сарапшы, коммуникация және медиа маманы:
- Мемлекет басшысы тарапынан ұсынылған бұл бастама өз кезегінде тек еліміздің аумағында ғана шектелмей жаһандық қауымдастық мінберлерінде де үлкен қолдауға ие болды. Еліміз сонымен қатар су, экология, Арал теңізі мәселелеріне, жалпы қоршаған ортаға байланысты өзге де жаһандық бастамаларға бастамашы болып келе жатыр. Біздің планета - ортақ үйіміздің осындай әлем халқының қоршаған ортаға немқұрайлы қарамай, тазалықты сақтауды әдетке айналдыруы қазіргідей жаңалығы қым-қуыт кезеңде, үлкен технологиялық жаңғыртулар кезеңінде маңызға ие болды.