Халық Кеңесі – ашық әрі баламасыз алаң
«Елде қоғамдық бақылау жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі дәл осы қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керек».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында осылай деген еді.
Қазір Халық Кеңесінің мүшелері өңірлерге оралып, өз міндеттеріне кірісіп жатыр. Енді олар мәселелерді мінберде айтып берумен шектелмей, оны шешу жолын да ұсынуға тиіс.
Жаңа институт құрамының үштен бір бөлігі – аймақтан келгендер. Демек әр жиында жергілікті мәселелер көтеріледі. Алғашқы сессиядан соң кеңес мүшелері өңірлерге оралып, қызметіне кірісе бастады. Олар ауыл-аймақты аралайды. Күрмеулі мәселені көзбен көреді. Ұсыныс-пікірді орталыққа жеткізеді. Кеңес құрамында сан саланың маманы бар. Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Садуақасова жаңа міндетіне өз зерттеулері қолғабыс қыларына сенімді.
Айгүл Садуақасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Біз, әрине, әлеуметтік-гуманитарлық саланың мамандарымыз. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – қоғамдық пікір. Президентіміз өзі де ерекше айтып өтті, өзіміздің мәдениетімізді қалыптастыру, қоғамдық сананы жаңарту, менталды сана деп айтып жатырмыз. Осы жерде біздің ғылыми зерттеулеріміз өз үлесін қосады деп есептейміз.
Кеңес құрамы 3 комитетке бөлінеді. Ал комитеттер жанынан салалық комиссиялар құрылады. Яғни әр саланың мәселесі жалпылай емес, жіті қаралады деген сөз. Батылдықпен қатар этиканың жөні бір бөлек. Кеңес мүшелері әдеп нормаларын қатаң ұстанып, саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы да осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады.
Бекзат Алтынбеков, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Халық кеңесінің әрбір мүшесі, мәне, бүгін елге қайттық. Дүйсенбіден бастап әрқайсымыздың алдымызда міндеттеріміз бар. Өзіміздің негізгі жұмысымызбен қатар Халық Кеңесінің мүшесі ретінде елдің ішіндегі сұрақтарға, болатын өтініштерге, талаптардың барлығына талдау жасай отырып, алдағы жұмыс тәртібіне ұсыныс енгізу жөнінде уақыт берілді. Біз осы мақсаттарда жұмыс жасайтын боламыз.
Елде қоғамдық бақылау жүргізудің бірыңғай және нақты жүйесі болған жоқ. Консультативтік институт дәл осы саланы ретке келтіруге атсалысуы керек. Құрылтай мен Халық Кеңесінің міндеті бөлек болғанымен, мақсаты бір. Екеуі де біртұтас елдің кемел келешегін көздейді. Осындай реформа арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа әрі ауқымды жүйесі қалыптаса бермек.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Әбділахат, Мұхамедәлі Тілдабаев