Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді

Қазақстан мен Қытай елдері арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөйлеген сөзінде осылай деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін ерекше атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 50 млрд долларға жуықтаған. Тараптар бұл көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асты. Бүгінде елімізде Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді.

Қазақстан теміржол, автомобиль жолдары мен порттарды дамытып, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздің мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беріп отыр. Президенттің айтуынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 мыңға дейін жетуі мүмкін. Бұдан бөлек, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да салалардағы бірлескен жобалар даму үстінде. Екі ел арасындағы әуе қатынасы да кеңейді. Биыл Алматы-Сиань, Алматы-Шанхай, Астана-Гуанчжоу және Ақтау-Үрімжі бағыттары ашылды. Ал осы аптада Алматы мен Чунцин қалаларын байланыстыратын тікелей жолаушылар рейсі іске қосылды. Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да өзара сенімге, ашықтыққа және ортақ экономикалық мүддеге негізделетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз: