Ақмола облысында қуаты 450 МВт болатын үш жел электр станциясы салынады
Ақмола облысында үш жел электр станциясын салу және Жақсы ауданындағы элеваторды жаңғырту бойынша екі келісімге қол қойылды. Жобаларға жалпы құны $506 млн инвестиция бағытталмақ. Бұл туралы Ақмола облысының әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Келісімдер Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында жасалды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов қытайлық бизнес өкілдерімен екі жоба бойынша құжаттарға қол қойған.
Бірінші келісімге сәйкес, SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. компаниясы Ақмола облысында қуаты 300, 100 және 50 МВт болатын үш жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы қуаты 450 МВт-ты құрайды. Жобаға $500 млн-ға дейін инвестиция салынады.
Қуаты 300 МВт болатын жел электр станциясы Есіл ауданында бой көтереді. Ал жалпы қуаты 150 МВт болатын тағы екі станция Зеренді ауданында салынады.
Жобаларды 2026-2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл қазан айында басталады. Нысандар іске қосылғаннан кейін 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Жаңа жоба жаңартылатын энергетика қуатын арттырып, жеке инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.
Екінші келісім Жақсы ауданының Қазақ ауылындағы элеваторды жаңғыртуға қатысты. Қытайлық East Hope Group компаниясы жұмыс істеп тұрған элеваторды сатып алып, қазіргі уақытта оны жаңғыртып жатыр.
Жобаға $6 млн инвестиция салынады. Құрылыс жұмыстарының шамамен 80%-ы аяқталған.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын бидайды қабылдап, сақтап және өңдеумен қатар, жылына 100 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіре алады.
Кәсіпорында 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңғыртылған элеваторды биыл қазан айында іске қосу жоспарланып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз