Әскери оқу-жаттығулар кезінде бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу ұсынылды

Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Әскери және азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар бойынша оқу-жаттығулар кезінде бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізу қажет. Бұл ұсынысты Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Аббат Өрісбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Депутат жақында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза болған сарбаздардың оқиғасын еске алып, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын күшейту қажет екенін айтты.

Әсіресе әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығуы кезінде қауіпсіздік талабы қатаң сақталуы қажет. Өйткені мұндай жаттығулардың өзінде тәуекел жоғары, – деді Аббат Өрісбаев.

Оның айтуынша, оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алып, әр қатысушыға жеке электронды белгі беру керек. Бұл олардың орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қатысушыларға геолокацияны анықтайтын және қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберетін арнайы құрылғылар енгізу ұсынылды.

Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс, – деді депутат.

Сондай-ақ оқу-жаттығуға қатысушылардың физиологиялық жағдайын бақылау, ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпаратты бір орталыққа үздіксіз жеткізу ұсынылды. Қауіп деңгейі артқан жағдайда жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуы керек.

Бұдан бөлек, әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспортын әзірлеу ұсынылды. Онда қатысушылардың медициналық тексеруі, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуі тиіс.

Бұл жерде ең басты мәселе – адам өмірі және қауіпсіздігі. Әскери қызметші де, құтқарушы да оқу-жаттығу кезінде өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек, – деді Аббат Өрісбаев.

Депутат Үкіметке оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын үш ай ішінде әзірлеп, алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізуді ұсынды.

Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету. Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс, – деді Аббат Өрісбаев.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: