«Еден жуушы еңбегі беделсіз емес»: Депутаттар клининг қызметін заңдастыруды ұсынды
Бүгін Құрылтай отырысында депутаттар елдегі клининг қызметі саласын ретке келтіріп, ондағы шамамен 1,5 миллион жұмыскерді ресми еңбек нарығына шығару туралы бастама көтерді, деп хабарлайды«24KZ».
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Нұрайнаш Камалова бастаған халық қалаулылары төрт бірдей министрлікке ресми депутаттық сауал жолдады.
Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағаланып, Президентіміз айтқан нағыз еңбек адамын қоғам алдында төмендетіп, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер ететіні анық.
Депутаттық сауалда заманауи клининг - жай ғана қосалқы қызмет емес, арнайы білім мен дағдыны талап ететін дербес кәсіби сала екені атап өтілді.
Қазіргі таңда бұл салада жүрген азаматтардың еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады. Сала қызметкерлерінің ресми табысының аз болуы салдарынан көпшілігі бейресми жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде олардың әлеуметтік және зейнетақы кепілдіктерінен, еңбек құқықтарынан қағылуына әкеп соқтырып отыр, - деді депутат.
Осыған байланысты үкіметке мынадай кешенді шараларды жүзеге асыру ұсынылды:
Салаға кешенді талдау жүргізіп, жұмыс істеп жүрген азаматтардың нақты санын анықтау;
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бұл бағыт бойынша мамандарды даярлау мүмкіндігін қарастыру;
Клининг саласындағы мамандықтарды ресми жұмысшы мамандықтар қатарына қосып, қоғамдағы беделін арттыру;
Бейресми жұмыспен қамтуды қысқартып, қызметкерлердің ресми табысы мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету.
Аталмыш мәселе ведомствоаралық шешімді қажет ететіндіктен, депутаттық сауал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрліктеріне бірдей жолданды.